2023 ЖЫЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ТҮГЕЛДЕЙ ШЕШІЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Қаратау ауданы тұрғындарының 91,6 пайызы таза ауыз су тұтынып келеді. Былтыр аймаққа қарасты «Көмешбұлақ», «Асар», «Шымсити»-ден «Достыққа» дейінгі әлеуметтік нысандар бойынша 3, кестемен «Нұртас» елді мекеніне 1, тасымалмен «Тұран», «Асар-2» елді мекендеріне 2, жалпы саны 6  магистралды жобаның құрылысы аяқталып, ел игіліге берілді.  Биыл «Нұртас су жинақтағыш» әлеуметтік нысаны бойынша 3 елді мекенде, атап айтқанда, «Қайнарбұлақ», «Сайрам»  және «Жаңақұрылыс» аумағындағы «Ақтас-2»-де  құрылыс қарқынды жүргізілуде, жыл соңына дейін 1-еуі тапсырылса, 2 жоба жаңа жылға өтпелі. Ал, келер жылдың  соңына дейін тағы 5 нысанның құрылысы жүргізіледі.

– Бүгінгі таңда Қаратау ауданының 91,6 % сапалы ауыз суды тұтынады. 2023 жыл соңына қарай, аталған нысандардағы құрылыс жұмыстары толық аяқталса, жергілікті халық сапалы ауыз сумен 100% қамтылады, – дейді аудан әкімі Рахымберді Мулкеманов.

Жалпы,  Қаратау ауданындағы  инфрақұрылым мәселесі  2023 жылы толық шешімін тапқалы отыр. Алдағы екі жылда Қайнарбұлақ, Тассай тұрғын алаптары мен Асар-2, Достық, Тұран шағын аудандары және Сайрам аумағы ауыз су, сапалы электр жарығы, табиғи газбен толық қамтылады. Сонымен бірге, ауданда 2025 жылға дейін ұзындығы    441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфаль төсеу жоспарланып отыр.

Жалпы, Шымкент республикалық дербес қала мәртебесіне ие болғалы бері инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 168 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл  осы саладағы көптеген проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

2020 жылы мегаполисте тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 95,6 пайыз болған болса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш 99 пайызға  көтерілді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша 2023 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешілмекші.
Сондай-ақ, аймақтарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісінде де ілгерілеу бар.  2020 жылы тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету  92,2 пайыз болған болса, биыл қала халқының 2,5 пайызы көмір тасып, күл шығарудың азабынан құтылып, өркениет игілігін сезінді. Ал, 2025 жылы мегаполис тұрғындарының барлығы табиғи газ жағу мүмкіндігіне ие болмақ.

Мегаполисте ескірген электр жүйелерін жаңарту, трансформаторлардың қуаттылығын арттыру бағытында да кешенді жұмыстар жүруде. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын тұрғындарды  сапалы электрмен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 пайызды болса, жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл көрсеткіші 99 пайызға жеткен. Келер жылы қалаға қарасты барлық аймақтың тұрғындарың халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді.