2024 ЖЫЛ ІШІНДЕ ДЕНДРОСАЯБАҚТЫҢ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ҚОРЫ ТОЛЫҒА ТҮСІП, ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРҒАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябағында 2024 жылдың 10 айында ауқымды абаттандыру, көгалдандыру және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды. Саябақтың негізгі бағыты ағаштардың жай-күйін күтіп-баптау және гендік қорды молайту болып отыр. Бұл туралы қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында баяндама жасаған Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы мәлім етті.

Басқарма басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлының айтуынша, Шымкент қаласының басты туристік нысандарының бірі саналатын дендросаябақ аумағында қазіргі таңда 74 560 түп ағаш пен 4 615 түп бұта бар. Биыл саябақтағы бос жатқан жерлерді көгалдандыру мақсатында:

1) 100 түп каштан, 50 түп катальпа, 300 түп биота, 38 түп Зарапшан аршасы (можжевельник) ағаштарының көшеттері отырғызылған,

2) көктем мезгілінде 25 мың түп қызғалдақ гүлі мен 20 мың түп біржылдық сәндік гүлдер егілген,

3) тұқымбаққа 30-дан астам 346 түп ағаш-бұта көшеттері (жеміс ағаштары, арония, барбарис, лаванда, дуб және т.б.) отырғызылған.

Дендросаябақтағы өсімдіктердің гендік қорын дамыту және жаңарту мақсатында Өзбекстанның Ташкент қаласы мен Қазақстанның Астана, Алматы, Щучинск қалаларындағы ботаникалық бақтармен меморандумдар жасалды. Нәтижесінде, 132 түрлі ағаш-бұта тұқымдары мен 36 түрлі ағаш көшеттері әкелінген және Қызыл кітапқа енген 20 түп кәдімгі өрік, 60 түп Заравшан аршасы, 14 түп қызыл қайың, сондай-ақ сирек кездесетін өсімдік түрлерінің көшеттері отырғызылған.

Саябақ ішіндегі және көршілес алқаптардан келетін өрттің алдын алу мақсатында саябақ аумағында ұзындығы 9,2 шақырым минералды жолақтар жыртылып, қауіпсіздік шаралары атқарылған.

А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ қаланың экологиялық тұрақтылығын сақтауға, жасыл желекті көбейтуге және қала тұрғындарына жайлы демалыс орнын ұсынуға зор үлес қосып келеді.