2029 жылғы Азияның қысқы ойындары Алматыда өтеді
- Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің olympic.kz ресми сайты ақпарат бөлісіп отыр.
Азияның қысқы ойындары Алматы қаласында өткізу туралы тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, мәртебелі Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойған. Сондай-ақ, ресми рәсімге Азия Олимпиадалық кеңесінің басшылығы, Азия елдері Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері, сонымен қатар, Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында Миланда болған құрметті қонақтар мен ресми тұлғалар қатысты.
Ресми ақпарат көзінің дерегінше, Алматыда спорттық және қалалық инфрақұрылым толық қалыптасқан деп саналыпты. Дереккөзде «осы фактор қалаға ауқымды қосымша құрылыс жүргізбей-ақ, кешенді халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибе Ойындарды жоғары деңгейде әрі ұтымды өткізуге негіз болмақ» делінген. Осыған қарағанда, құрлықтық ойындар үшін басқа қосымша инфрақұрылымдық құрылыстар салынбайды деген сөз.
Осы жиын барысында Г.Головкин «2029 жылғы қысқы Азия ойындарының Алматыда өтуі қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді. Бұл – біз үшін жинақталған тәжірибеге және қосымша нысандар салуды қажет етпейтін, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған спорттық әрі қалалық инфрақұрылымға сүйене отырып, еліміздің ұйымдастырушылық мүмкіндігін іс жүзінде дәлелдеуге жол ашады. Қазақстан үшін қысқы Азия ойындарын қайта қабылдау – үлкен мәртебе» дейді.
Айта кетсек, бұған дейін 2029 жылғы Азияның қысқы ойындарын өткізу құқығы Сауд Арабиясына берілген еді. Алайда қабылдаушы тарап инфрақұрылымдық жобалардың ауқымдылығына және жарыстарды дайындауға қойылатын қосымша талаптарға байланысты Ойындардың мерзімін кейінге шегеру қажеттігін мәлімдеген. Ал, Қазақстан бұған дейін де ірі мультиспорттық жарыстарды сәтті өткізген. Оның ішінде 2011 жылы Алматы және Астана қалаларында Азияның қысқы ойындарын ұйымдастырылса, 2017 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қысқы Универсиада өткізгені есте.