3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АНА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ТАПТЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Көп балалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адам капиталын дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты.

Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек» деген болатын бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да жүйелі жүргізілуде. «Бақытты жанұя» орталығының басшысы А.Қалымбеттің айтуынша биыл мегаполисте 3 мыңға жуық ана тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы ол  Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтты. Басқосу комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның және құзырлы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің  қатысуымен өтті. Жиында   елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер сөз болды.

«Бақытты жанұя» орталығы басшысының мәліметінше  биыл қалада 4 мың 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның  1 мың 225-і қоғамдық жұмыспен айналысса, қалған  2 мың 882 ана тұрақты жұмысқа орналасқан.  Сондай-ақ тағы  373 ана кәсіптік оқу курсында тегін білім алды. Соның арқасында  162 ана мемлекеттік қаржы грантына ие болды.

Комиссия отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ,   №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» жан-жақты айтып берді. Жиын қорытындысында талқыланған мәселелерге қатысты құзырлы органдарға бірқатар ұсыныстар берілді.

Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссия тарапынан атқарылатын жұмыстар пысықталды.