«3-ЭНЕРГООРТАЛЫҚ»  ҚАЗАНДЫҚТАРДЫ ЖАҢАРТТЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы энергетикалық ең ірі нысанның бірі  «3-энергоорталығы» биыл үш бірдей жылыту қазандығын жаңартты. Шаһар тұрғындарының 75 пайызын жылумен және электр энергиясымен қамтып отырған  монополист мекеме оған 188 миллион теңге қаржы жұмсады.

Бүгінде орталықтағы 1-ші қазандық агрегатында суық қабаттардың қосалқы бөлшектерін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Бұл негізінен авариялық жағдайларды болдырмау үшін маңызды.   Айту керек, әлемдегі геосаяси жағдай салдары бұл саланы да айналып өтпеді. Ресейден құбыр өнімдерін жеткізіп берушілер логистикасы сатып алуға қатыса алмады. Соған қарамастан  №1 қазандық әлі де ресурстық күйде,-дейді «3-энергоорталық» АҚ-ның бас инженері Жансерік Ерботаев.

Сондай-ақ жаңғырту жұмыстары аясында электр қуатын реттейтін трансформаторға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілді. Ал орталықтағы жылу өндіретін 4 бойлерді күрделі жөндеу ісі әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі таңға межеленген жұмыстың 80 пайыздан астамы орындалған. Сондай-ақ бойлерлерге көмекші қондырғының ағымдағы жөндеуін осы жылдың 20 қыркүйегінде аяқтау көзделіп отыр.

Қазандықтардың қысқа дайындығын реттеу үшін 4 жылға инвестициялық бағдарлама түзілген. Жалпы құны – 971 млн. теңге. Осы арқылы жылу өндірушілер жабдықтың тозуын 8 пайызға төмендетіпті. Нәтижесінде су шығыны азайды. Қызмет көрсету аймағы кеңейді. Бұған қоса, құрылғылардың жұмысына сенім күшейді.

Жаңғырту жұмыстары жүргізілгенімен жылу тарифі солкүйі өзгеріссіз қалды.  Бұрынғы баға сақталады. Өйткені, жылу бағасы  оны бақылайтын мекмелердің ұйғарымымен бес жылға бекітілген. Қазандықтарды жөндеуге кеткен шығын – тұтынушылардың тарифке төлеген ақшасы. Баспасөз туры аясында табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері жаңғырту жұмыстарын өз көздерімен көріп, атқарылған жұмыстарды  бағамдап шықты.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында коммуналдық қызмет саласындағы маңызды міндеттерді атап өткені белгілі.  Президент тариф белгілеу мен тұтынушылардан жинақталған қаржының жұмсалуы ашық әрі жариялы болу керек екенін тапсырған болатын.