Шымкент қаласының спорттық туризмі тағы бір көрікті нысанмен толыға түспек. Үшінші мегаполисте осы заманғы заманауи жаңа стадионның құрылысы басталды. Бұл туралы ақпаратты бүгін sports24.kz сайты сүйінші сұрай бөліскен (сілтеме: https://sports24.kz/football/news/nachalos-stroitelstvo-stadiona-v-shimkente/). Ақпарат көзінің дерегінше, арена 35 мың адамға лайықталып салынып, Қазақстандағы ең үлкен стадион болмақ. Көрнекі фотосурет Шымкент қалалық әкімдігінің хабарламасынан алынды.
Стадион құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланыпты. Жап-жаңа спорттық құрылым халықаралық матчтарды өткізу үшін УЕФА-ның барлық талаптарына лайық жауап беретін болады дейді ақпарат көзі.
Құрылыстық басталуы кезінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков:
– Президенттің тапсырмасына орай, біз алып стадион құрылысын бастадық. Алайда, процесс күрделі болып шықты: құрылыс аумағында газ құбыры тартылып жатыр, оны ауыстыру көп уақытымызды алды. Қазіргі таңда жерге орналастыру жұмыстары аяқталды. Енді біз жұмыстың екінші деңгейіне өттік, бетондау жұмыстары басталды, – дейді әкім.
Есіңізге салсақ, стадион құрылысы басталған аумаққа капсула салу рәсімі үстіміздегі жылдың маусым айында өткен болатын. Сол кезде де біршама ақпарат интернет әлеміне жол тартып, сүйіншіленген хабар тараған болатын. Міне, енді стадион құрылысының бетондай жұмыстары басталып, нағыз құрылыс жұмыстары жолға қойлыпты.
Айта кетсек, Шымкентте 1969 жылы салынған бір ғана стадион, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион өз заманына лайық 18 мың адамға жоспарланған. Заманауи жаңа арена халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге, қаланың спорттық имиджін жақсартуға, спорттық туризм саласын дамытуға, жергілікті халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туризмді дамытуға да ерекше серпін береді.
Жаңа 35 мың орындық аренаның ауқымдылығы 21 гектарды алып жатыр. Архитектуралық ерекше дизайнмен салынатын сәулетті стадион мегаполистің көркін арттыра түспек.
Жобаның жалпы сипаттамасы жайына тоқталар болсақ:
Шымкент қаласына арналып жобаланған стадионның сыртқы келбеті жасыл желектерімен және қоршаған ортасымен ерекшеленетін дөңгелек пішінді құрылымға ие. Оның құрамындағы жасыл желекті, айналасы көгалдандырылған қоршаған ортамен интеграцияланады. Стадионды жылдың кез-келген уақытында пайдалануға болатындай етіп, стадионның негізгі шатыры мен көрермендерге арналған трибуна бөліктері металл жабынды конструкциямен жабылады.
Стадионның жалпы сыйымдылығы 35 мың орындық, оның төменгі трибуналарында 15 мың, ал жоғарғы трибуналарында 18000 орын болады деп жоспарланған. VIP трибуналары төменгі және жоғарғы трибуналары арасындағы орталық бөлікке жайғасқан. Әр трибунаның астында көрермендер үшін дәретханалар мен буфеттер қол жетімді болмақ.
Стадион құрылысының негізгі тірек конструкциялары темірбетон материалдан жоспарланған. Осы аймақта спортшыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, жылыту бөліктері, төрешілер мен бақылаушыларға, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметтеріне арналған әртүрлі өлшемді бөлмелер және VIP кіреберістері жоспарланған. Техникалық бөлмелер, басқару бөлмелері, негізгі диспетчерлік бөлмесі, телевизиялық хабар тарату бөлмесі, мейрамханалар, барлар, дәретханалар пайдалану жағынан қолайлы және оңай қол жетімділік мүмкіндігі жан-жақты қаралған.
Стадионның айналасында орналасқан алаңдармен бірге үлкен учаске құрылады оны матчтан тыс күндері пайдалануға болады. Әр түрлі іс-шаралар үшін 1000 автокөлік орындарына арналған ашық автотұрақ қарастырылған.