353 АЗАМАТ ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биылғы жылдың мамыр айына дейін өзге мемлекеттерден Шымкент қаласына қоныс аударып, тарихи отанымен табысқан  256 отбасыға, яғни 353 азаматқа қандас мәртебесі берілді. Олардың дені ТМД елдерінен көшіп келген этникалық қазақтар.

Қандас мәртбесін алған 353 адамның 181-і ер азамат, 172-і әйел. Олардың ішінде 161-і  еңбекке жарамды. Ал жүзден астамы зейнеткер және 86-ы әлі кәмілет жасына жетпеген балалар. Шымкентке қоныс аударған қандастырымыздың дені орта арнаулы білімі барлар. Сауатсызы мүлдем жоқ. 40 азамат жоғары білімі бар білікті маман саналады. Қоныс аударғандың көпшілігі бұған дейін Өзбекстан Республикасында өмір сүргендер. Мысалы: Шымкентке көшіп келгендердің 336-ы Өзбекстаннан, 14 азамат Ауғанстаннан, 2 адам Ираннан және 1 қандас бауырымыз Монғолиядан көшіп келіп отыр.

Шымкентте 2008 жылы «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Мұнда тарихи отанына оралған азаматтар 6 ай бойы бейімдеуден өтеді. Бүгінгі таңда орталықта 12 отбасы тіршілік етіп жатыр.

Сондай-ақ Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан мегаполиске шетелден жұмыс күшін тарту бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан биылғы жылы  шетелдік жұмыс күшін тартуға 405 квота бөлінген. Басқарма  басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша бүгінгі таңда 197 шетелдік азамат Шымкенттегі 22 кәсіпорын мен  ұйымда еңбек етуде. Тартылып жатқан шетелдік жұмыс күшінің 97,4 пайызы білікті маман болып саналады. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені үшін және ұзартқаны үшін жыл басынан бері жергілікті қазынаға  8,3 миллион теңге  кіріс түскен.

Жалпы 2021 жылы Қазақстанды тарихи отаным деп қоныс аударған  12 мың  501  қандас мәртебесін алды. Ал еліміз Тәуелсіздік алған  1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 82,8 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.