-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысы Келес ауданында тұрмыстық зорлық–зомбылыққа қарсы «Отбасым – бақ мекенім» деп аталатын аудандық форум өтті. Оған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Форум өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы құрудағы жауапкершілікті ұғындыру, ажырасудың, отбасыдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау, отбасындағы кикілжіңдер мен ұрыс керістердің шығу себептерін зерделеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Басқосудың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев отбасы құндылықтарын сақтау, өзекті мәселелер жөнінде өз ойын ортаға салды.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтып, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілетінін жеткізген болатын. Ауданымызда 2024 жылдың I тоқсанында ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» 67 азаматқа психологиялық қызмет көрсетті. Отбасын қолдау орталығы қызметі бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және отбасы мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына жан-жақты қолдау көрсету арқылы отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Бүгінгі форумда айтылатын ой пікірлерден көпшілік ой қорытып, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі іс-әрекеттерін осыған негіздейді деген сенімдемін, – деді аудан басшысы.
Форум барысында Келес халықтық театрының өнерпаздары отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты «Тәрбие отбасыдан» атты қойылым сахналанып, осы тақырыпқа орай әзірленген арнайы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері,тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы және аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов елімізде отбасы құндылықтары және құқық бұзушылықтарға қатысты қабылданып жатқан шараларды баяндады.