37 ЖОБАҒА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ  БЕРІЛГЕН  

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы аясында 37 жобаға  жеңілдетілген несие берілген. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Тимур Дербіс баспасөз отырысы барысында мәлімдеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.

Оның, алғашқы бағыты  шағын және орта бизнесті  жеңілдетілген несиемен қамтуды көздесе, екінші бағыты тоқтап тұрған кәсіпорындардың қайта жұмыс істеуіне мүмкіндік беру.  Бұл мақсатта биыл жыл басынан бері кәсіпкерлерге 333 миллион теңге жеңілдетілген несие  берілген.

Өңірлік бағдарламаның екінші бағыты бойынша шаһарда тоқтап тұрған кәсіпорындардың өндірістік алаңдарын шағын кәсіпорындармен толтыру ісі де назарда. Мақсат мұндай өндіріс алаңдарында шағын бизнестің жаңа жобаларын жүзеге асыру. Мұндай жобаларға несие үш жылға беріледі.  Үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәсіпорындардың жалдау ақысының шығындары өтеледі. Бірінші жылы 75%,  екінші жылы 50%,  үшінші жылы 25%-ы қайтарылады.

– Аталған бағыт шеңберінде қаламызда бір неше жылдар бойы тоқтап тұрған ірі кәсіпорын «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында 2022 жылы алғашқы өндірістік парк ретінде«Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Аймақтың алаңы 4,4 гектар, өндірістік алаңдарының аумағы 3,5 мың шаршы метр. Алаң  толық инфрақұрылыммен қамтылған. Бүгінгі күні өндірістік паркте инвестиция көлемі 1,05 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда, 120 жұмыс орны құрылған. Жалдау ақысын өтеу бойынша бүгінгі күнде 13,0 миллион теңгеге қолдау көрсетілді, – дейді Шымкент  қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Тимур Дербіс.

Сонымен қатар, «Қайнар май» ЖШС-нің  тоқтап тұрған ірі кәсіпорының базасында да жаңа өндірістік парктің дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған өндірістік паркте 48 шағын кәсіпорынды іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ,  бұрынғы қорғасын зауытының аумағында «Standard» жеке индустриялық аймағы құрылып, онда,  шағын және орта бизнесті дамыту жобалары қолға алынады деп күтілуде. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жобада дайын өндірісті парктер салуға жеке инвестиция көлемі 20 миллиард теңгенің төңірегіне жоспарланған. Жобаны 3 кезеңмен іске асыру көзделуде. Биылғы жылы 90 жоба, екінші кезең бойынша  345 жоба, келесі жылы 160 жоба жоспарлануда. Нәтижесінде «Standard» жеке индустриялық аймағының аумағында шағын бизнестің 595 жобасы іске асырылып, жалпы инвестиция 29,7 миллиард теңге болмақ. Осы орайда, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады  деп жоспарлануда.