-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысында тұрғындардың арыз-шағымы мен облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Сайрам ауданында прокуратура, полиция, жергілікті ветеринария қызметі мен басқа да тиісті сала мамандарынан жасақталған арнайы топ құрылды. Олар бірнеше блок бекеттерге бөлініп, тәулік бойы құжаты жоқ төрт түлікті тасымалдап жүрген, оларды сатып алған яки саудаламақ болған азаматтарды анықтауға кірісті. Арнайы топ сонымен қатар аймақта ет және ет өнімдерін тасымалдау кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуын да бақылауға алған. Нәтижесінде полиция қызметкерлері 245 көлікті тексеріп, олар тасымалдап бара жатқан 513 ірі қара мал, 115 жылқы және 879 уақ мал уақытша оқшаулау орындарына жеткізілді. Сонымен бірге құжатсыз мал тасымалдаған 151 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Мұндай тексеріске облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен кездесуде жергілікті тұрғындардың Қарабұлақтағы мал сою орындарында санитарлық талаптардың сақталмайтынын, соның салдарынан ауру тарап жатқанын айтып дабыл қаққаны себеп болды.
Осы орайда Ішкі істер министрлігінің «Мүлікті қорғау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жоспарына сәйкес» Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізіп, блок бекеттерде бақылауды күшейтті. Ондағы басты мақсат – мал ұрлығының алдын алу, заңсыз жұмыс істеп жатқан мал сою бекеттерінің жұмысын тоқтату болып отыр,-делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Түркістан облысы полицейлерінің қарқынды жұмысы нәтижесінде ағымдағы жылы өңірде мал ұрлығы 43 пайызға төмендеді. Ал Сайрам ауданында 6 блок бекет орналастырылып, тәртіп сақшылары тәулік бойы тексеріс жүргізуде.