41 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Осыдан алты жылы бұрын Шымкент қаласының аумағына  қосылған елді мекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамту және олардың жағдайын жақсартуға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Бүгінде бұл аймақтарға  таза ауыз су, көгілдір отын  мен сапалы электр жарығы жеткізілген. Биылғы қала күні мерекесі қарсаңында  шаһардың шетіндегі шағын аудандардың жолын жөндеу және көшелерді жарықтандыру мәселесі де шешімін тауып отыр.

Көлік түгілі жаяу жүргіншінің өзі әупірімдеп зорға жүретін Еңбекші ауданына қарасты Қазығұрт аумағындағы бұл көшелерге былтырғы жылы жол салына бастаған-ды. Бас-аяғы үш жылдың ішінде 41 көшеге аяқ жолымен бірге асфальт төселіп, қала күні қарсаңында ел игілігіне берілді. Нәтижесінде, Елтай, Маятас, Айнатас, Тоғыс, Жыланбұзған тұрғын алабтары бойынша жолдың жағдайы 90 пайызға жақсарған.

Аталмыш елді мекендерде жолмен қатар, көшелерді жарықтандыру мәселесі де шешімін тауып отыр. Игі іске тұрғындар ерекше қуанды.  Өйткені, әр үйден екі-үш бала бірнеше шақырым жаяулап жүріп мектепке барады. Оқушылар дені  таң сәріден мектепті бетке алады, ал екінші ауысымда оқитындар мектептен қас қарайғанда қайтады екен. Ата-аналар енді көшелерде жарық самаладай жанып тұратындықтан, балаларымыздың өмірі үшін еш қауіптенбейтін болдық дейді.

Қалаға қосылғалы бері жағдайымыз әлдеқайда жақсарып қалды деген Қазығұрт аумағындағы ағайын енді екі елдің арасын жалғайтын көпірді жөндеп берсе деген тілектерін жеткізді.  Сондай-ақ, елді мекеннің жаңа құрылысына қарасты коммуналдық мәселелерді де қозғап өтті.

Жалпы биылғы жылы Еңбекші ауданы бойынша жалпы ұзындығы 86,4 шақырым болатын  ішкі орамдағы 132 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Оның  2-уі  магистралды көшелер болса, басымдық шалғайдағы шағын аудандарға беріліп отыр. Осы орайда, Қазығұрт аумағы бойынша қалған 7 көшенің 4-уі келесі жылға қалдырылса, 3 көшені жөндеу жұмыстары 2024 жылға жоспарланған.