42 ЕЛДІМЕКЕН КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚТАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Мұндай ақпаратты Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз қызметі беріп отыр. Осы орайда үшінші мегаполисте көгілдір отын мәселесі қай жылы  толық шешімін табады деген сауал туындайды. Басқарманың жоспарына сәйкес 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуға тиіс.

«2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады», – дейді басқарма өкілдері. Еске сала кетейік, биыл Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, елдімекендерінде құрылыс жұмыстар аяқталуға тиіс. Құрылыс жұмыстары межеленген уақытында бітсе 20 мыңға жуық тұрғын үй табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді.

Ал, дәл осы уақытта  Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.  Нақтылап айтсақ,  табиғи газ құбырлары шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, қалған 31 елді мекенге жартылай барып тұр. 13 тұрғын алапта атап айтқанда,Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Айнатас, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Қаратөбе, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Бадам, Бадам-2 және Оңтүстік елді мекендерінде газбен қамту жұмыстары атқарылуда. Жоспарға сәйкес 2023 жылы 8, 2024 жылы 12 елді мекен табиғи газбен толық қамтылуы керек.

Қорыта айтқанда, қала бойынша, 1 магистралдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының  құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұл жұмыстардың барлығы 2014 жылы қабылданған 2015-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы бойынша жүзеге асып жатыр. Бұл  Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығының стратегиялық бағыттарын көздейтін кешенді құжат болып табылады.