ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ: «ҚОСЫМША ТАБЫС» ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында қалалық коммуналдық қызметтер – «Тазалық сақшылары» – құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді. Олардың қырағылығының нәтижесінде қала көшелерінде есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамасын жазып жүрген 28 жастағы Шымкент тұрғыны ұсталды деп хабарлайды Шымкент қаласы прокуратурасының ресми сайты.
Тергеу барысында ер адам қаржылай қиындықтарға тап болып, Telegram мессенджері арқылы күмәнді «қосымша табыс» туралы хабарландыруға сеніп, талаптарына келіскен. Белгісіз тапсырыс берушіден нұсқаулар алып, ол түнгі уақытта трафарет пен аэрозольді бояу арқылы тыйым салынған сілтемелерді жазып отырған.
Сот үкімімен ол азамат Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 2-бөлігімен есірткі құралдарын заңсыз жарнамалау қылмысы бойынша 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Айта кетсек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әрі ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек мырза да әр апта сайын өткізіп тұратын баспасөз брифингінде осы тақырыпты қозғап тұрады. Өткен аптадағы бұқаралық ақпарат құралдары алдында жасаған баяндамасында да арнайы тоқталып, қала тұрғындарын өздерінің жеке банк карточкалары мен банк есеп-шоттарын бөгде кісілерге уақытша пайдалануға бермеуге шақырған болатын. Мұндай әрекеттер тұрғындарды заң бұзышулықтарға әкеліп, құқықтық жауапкершіліктерге жеткізуі мүмкін екенін түсіндірген еді.
Егер, сіз күдік тудыратын граффити, жарнама немесе басқа да әрекеттерді байқасаңыз – 102 нөміріне хабарлаңыз. Есірткі жарнамасы, бұл – жай жазба емес, қылмыс екенін құқық қорғау органдары есіңізге салады.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз! «Қосымша табыс» табамын деп опық жеп қалып жүрмеңіз!