500-ДЕН АСТАМ АЗАМАТТЫҢ ТАЛАП ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Еліміздің барлық өңірінде бастау алған «Заң керуені» жобасы  аясында Шымкентте қала әкімінің қабылдауы да қоса жүргізілуде. Атқарушы билік өкілдері прокуратура қызметкерлерімен бірге екі күннің ішінде мұқтаждығын айтқан 500-ден астам азаматтың  талап-тілегін заң шеңберінде тыңдады.

Арал Жауылбаев автокөлік жөндеу шеберханасын ашқысы келеді. Осы мақсатпен былтыр кәсіпкерлік курсында оқып, арнайы сертификат алған. Бірақ мемлекеттен берілетін қаржылай грантқа қол жеткізе алмай келеді. Жұмыспен қамту орталығындағылар түрлі сылтаумен уақыт оздырып жүр. Бүгін ол қала әкіміне осы қиындықтарды айтып, мәселесін шешіп беруін сұранды.

         – Әдетте әкімнің алдына кіре алмаймыз ғой. Бүгін жиналыс жасады. Осының арқасында көзбе-көз тірлігімізді шешіп, сұрағыма жауап таптым. Мұндай шара қарапайым халық үшін өте тиімді. Өйткені азаматтар өздерін толғандырған мәселе бойынша түрлі мекемелерге баруына тура келеді.  Уақыт жоғалтып барғаныңда іздеген басшының алдына кіре алсаң жақсы. Көп жағдайда бос сенделіп қайтасың. 

         Түрлі концерттер мен шығармашылық кештер өтетін «Түркістан» сарайының сахнасы бүгін атқарушы биліктің барлық тармағы мен құқық қорғау қызметін біріктірген үлкен кеңсеге айналды. 200-ге тарта  азамат сауалдары мен проблемаларын тиісті сала басшыларына тікелей айтуға мүмкіндік алды. Айтылып жатқан мәселелердің дені тұрғын үй, жер мен жолдың жайы. Құқық қорғаушылардан әділдік іздеп келгендер де бар.     

         – Азаматтардың өтінішіне сай «Е өтініш» базасына ресми түрде карточка тіркеледі. Оның заңды шешімін бақылап, қадағалап, соңына дейін жеткіземіз. Арыз-шағымдарды 15 күннің ішінде қарауға тырысамыз. Ерекше жағдайларда қосымша тексеру керек болса 1 айға дейін соза аламыз. «Заң керуені» акциясы 1 қарашадан ҚР  Бас прокурорының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде басталды. Аты  айтып тұрғандай  көшпелі топ  қаладағы елді мекендерді аралап,  заңгерлік  кеңес береді. Одан бөлек қала прокуроры мен оның орынбасарлары күнделікті белгіленген кестеге сай тұрғындарды қабылдайды. Бүгінгі іс шараның  ерекшелігі  қаладағы барлық мекемелер бір жерге топтасып отыр,-дейді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат.

Қарашаның басынан басталған «Заң керуені» акциясы  тағы екі күнге жалғаспақ. Прокуратура қызметкерлері мегаполистің барлық аудандарында қабылдаулар өткізіп,  мұң-мұқтажы бар азаматтармен кездеспек. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадамның бірі болмақ.