613 ҚАНДАС ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында атажұртқа оралған 613 қандас отбасы баспаналы болды. Олардың мұндай қуанышқа кенелуіне «Нұрлы көш» бағдарламасының  щарапаты тиді. Әзірге пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып отырған бағдарламада елімізге өзге мемлекеттерден көшіп келген қандас бауырларымыздың жеңілдікпен тұрғын үй алуына мүмкіндік қарастырылған. Оның аясында мегаполистегі  Асар шағын ауданында тұрғын үйлер салынған.

        – «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында 975 тұрғын үй салынған. Бұл баспаналар 2010-2012 жылы Өзбекстаннан көшіп келген қазақ отбасыларына берілген болатын. Бұл үйлерге олар 8 жылдан кейін сатып алу құқығымен қоныстанды. Пилоттық жоба бойынша «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушылар  жылжымайтын мүлікті  банк арқылы несиеге рәсімдеуге мүмкіндігі болды,-дейді Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкері.

Пилоттық жоба әрі қарай «Отбасы» банкі, Қаратау ауданы әкімінің аппараты және «Ел Аманаты» қоғамдық бірлестігінің бірлескен жоспарына сай жалғасатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында 2009 жылы Шымкенттің іргесінен «Асар» деп аталатын жаңа мөлтекаудан бой көтерді. Соның арқасында  атажұртқа алғашқы лекпен келетін 575 отбасы жыл соңында  түгелімен баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етілетін болатын. Әрбір аулаға жылыжай қоса салынатындықтан олардың осында еңбек ету арқылы табыс тауып, тұрғын үй салуға кеткен мемлекет қаржысын қайтаруына мүмкіндік жасалды.

Жалпы, 2010 және 2011 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасының шарапатымен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына  ұзын саны 2920 оралман отбасы көшіп келді. Олар 7 ауданның аумағына шоғырланып жайғасып,  өңірдегі ауыл-аймақ тағы 11 елді мекенмен толықты.

Дереккөздерден алынған мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың 1 қазанындағы ақпар бойынша елімізде 13 мың 362 азамат қандас мәртебесін алған.  Олардың жартысынан астамы Өзбекстаннан, 10 пайызы Қытай Халық Республикасынан, 7,9 пайызы Түркіменстан Республикасынан, 4,6 пайызы Монғолиядан көшіп келген. Тағы 8,8 пайызы түрлі елдер қоныс аударыпты.

Ал, 2021 жылы 17 мың 540 қандас тарихи отанына оралды. Жалпы Қазақстан Республикасы Кеңес Одағы ыдыраған соң «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында қандастардың атажұртқа оралуына қолайлы мүмкіндіктер жасап келеді. Бүгінгі таңда 5 миллиондай қазақ ұлтынің өкілі әлемнің 40 елінде өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігі 1920-1930 жылдары Қазақстаннан  үдере көшкен  отбасылардың ұрпақтары.