7 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында  келесі жылы  түйіршіктелген полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 80 мың тонна өнім шығарады.  Зауыт аймақ экономикасына қомақты инвестиция салумен қатар жаңа  250 жұмыс орнын жасақтауға мүмкіндік бермек.   азамат жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңгені құрайды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен  өткен инвестициялық штаб отырысында  осы секілді 7 инвестициялық жоба таныстырылды.

Түркиялық «Stars Cosmetics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Оңтүстік» индустриалды аймағында  сұйық сабын өндірісін ашуды көздеп отыр.  Құны 1,5 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаның жылдық қуаттылығы 3 мың тонна өнім болмақ.  Жоба 2023 жылы жүзеге асырылады. Кәсіпорын іске қосылғанда  30 адам жұмыспен қамтылады.

Тағы бір тың жоба  тоқыма өндірісіне байланысты. Түркиялық «Milat Hali»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы  2,5 га жерге кілем өндіретін зауыт құрылысын салуды ұсынды. Жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңге. Кәсіпорын  жылына 5 миллион шаршы метр кілем тоқуға қауқарлы. Жоба сәтімен жүзеге асса 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.

Сондай-ақ, штаб отырысында «Элмехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  басшысы Қанатбеков Ержан құрылысқа арналған газоблоктар шығаратын зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 60 мың текше метр  блок шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Жұлдыз » индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 500 миллион  теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023 жылы басталады. Кәсіпорын іске қосылғанда 20 азамат жұмыспен қамтылатын болады.

Штаб отырысында бұдан басқа құрамалы контейнер өндіретін, терезе қаңқаларын  жасап шығаратын және сантехникалық жиһаздар мен архитектуралық пішіндер  өндіретін инвестициялық жобалар да қаралды. Аталған үш жоба  жүзеге асса қала экономикасына тағы да қосымша 1 миллиард 200 млн теңге инвестиция тартылмақ. Жаңадан  75 жұмыс орны ашылатын болады.

Шымкент қаласының әкімі ZOOM бейнеконференциялық байланыс арқылы жобалардың әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді. Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында қала экономикасына инвестиция тарту ісі әрі қарай жалғасатын айтты. Сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артатынын жеткізді.