70-ТЕН АСТАМ  КӘСІПОРЫН ӨНІМІН  ҰСЫНДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкентте «Қала күні» мерекесіне орай, «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме байқауы ұйымдастырылды. Шараға 70-тен астам тауар өндіруші қатысып, өнімдерін  көпшілікке  ұсынды.

Көрме-байқауда тауар өндірушілер  машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы,  құрылыс индустриясындағы өнімдерін ұсынды.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов кәсіпкерлік саласының  қарқынды дамып келе жатқанын тілге тек етті.

–Кәсіпкерліктің әлеуетін  халыққа таныстыру үшін осындай көрмелерді тұрақты түрде өткізу қажет. Статистика бойынша Шымкенттің өнімдері республикадағы үлестің 30 пайызын, ал фармацевтикада 26 пайызын қамтиды. Мегаполистің потенциялы жоғары.

Кәсіпкерліктің алға басуы қосымша жұмыс орнын арттырады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Қаншама отбасы нәпақа тауып, бала-шағасын асырауға мүмкіндік алады, – деді Бахадыр Нарымбетов

Шымкент  республикалық маңызға ие дербес қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 75 мыңға дейін өсті. Яғни 30 пайызға артқан.  Ал олардың шығарған өнім көлемі  алғаш рет 1 триллион  теңгеден асып отыр.

Сондай-ақ, осы мерзім аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға артып, 785 миллиард теңгені құрады. Ал шаһарға инвестиция тарту бойынша  Шымкент  былтырдан бері бірінші орында. Биыл қалаға  жарты триллионнан (538 млрд. теңге) астам инвестиция тарту  жоспарланып отыр.

Үш күнге созылған көрмеде  өнәркісіп тауарларының үздіктері «Халық тұтынатын үздік тауарлар»,  «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»,  «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдарына лайық деп танылды. Үздіктер Елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауына қатысады.