748 ОТБАСЫ САТЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫНСЫЗ БАСПАНАҒА ИЕ БОЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекке тұрған баспанаға мұқтаж азаматтардың саны 49 мыңнан асты.  Оларды  баспанамен қамту мәселесі тек кезек реті арқылы ғана жүзеге асады. Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындарды баспана мәселесіне қатысты өткізген жеке қабылдауында айтты.

– Жалпы биыл тұрғын үй кезегіндегі 748 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланып отыр.  Оның ішінде 31 отбасы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша баспаналы болады. Сондай-ақ 86 көпбалалы отбасы және  әлеуметтік жағдайы нашар  95 жанұя да биыл  пәтер кілтін алады. Бұдан бөлек биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша 857 азамат сатып алу құқығынсыз пәтермен қамтылады.  Бұл істе ашықтықты қамтамасыз ету  үшін кезекте тұрған азаматтардың бірыңғай республикалық электронды дерекқор сервисі қолданылуда,-деді басқарма басшысы.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды санаттар бойынша бөлетін болсақ:

Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 063,

Көп балалы отбасылар – 10 156,

Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 351,

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 876,

Жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27.

Жалпы тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті әрі маңызды. Бұл жалғыз Шымкент емес, еліміздің барлық өңіріне тән.  Осы аталған мәселелерді шешу үшін елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған.

Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 650 мың шаршы метрге жуық баспана салынса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге жеткен болатын. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше  биыл жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр  болатын 2084 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде.

Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жеке қабылдауға келген азаматтардың  тұрғын үй кезегіне тіркелу, тұрғын үйді жекешелендіру және жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысу арқылы баспаналы болудың бағыттарына қатысты сұрақтарын тыңдап, бағыт-бағдар берді.