94 МЫҢ 320 ТОННА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ  ЖИНАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкенттік шаруалар күзгі жиын-терім науқанын аяқтады. Ерте көктемнен қара күзге дейін тынымсыз еңбек еткен шаруалар  биыл 94 мың 320 тонна ауыл шаруашылығы өнімін жинады.  Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаев мәлімдеді.

– Күзгі дала жұмыстарын толығымен мерзімінде аяқтау үшін 725 доңғалақты трактор (жалпы 780 дана трактор, қалған 55 трактор ағымдағы жөндеуде) және 35 комбайн (жалпы 38 дана комбайн, қалған 3 комбайн ағымдағы жөндеуде) жұмыс атқарды. Нәтижесінде 30,0 мың гектар егістік алқабынан бүгінгі таңда 94 мың 320 тонна өнім жиналды. Олар: дәнді дақылдар – 20,1 мың тонна, майлы дақылдар – 3,2 мың тонна, картоп – 4,4 мың тонна, көкөніс және бақша – 48,3 мың тонна, мал азықтық дақылдар – 18,3 мың тонна. Күзгі егін жинау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, толығымен аяқталды, – деді Т.Мекамбаев.

Шымкент қаласы бойынша биыл  30  мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Былтыр диқандардың игерген егіс көлемі 0,7 гектарға аз болатын.

Шаруалардың биылғы жылдағы тағы бір табысы ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі де артып отыр. Биыл  8 айдың ішінде   122,1 млн АҚШ доллары болатын ауыл шаруашылығы өнімі шетке саудаланған. Өнімнің 40 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, ал 60 пайызы өзге шет мемлекеттерге экспортталған. Оның ішінде ұн, өсімдік майы, макарон, қауын-қарбыз, қырыққабат, пияз , қызанақ, шұжық пен ет және жүн бар. Сондай-ақ жеміс-жидекке де сұраныс жоғары. Ұн -111,4 мың тонна, өсімдік майы – 33,2 мың тонна, кебек- 39,0 мың тонна, макарон – 2,3 мың тонна, қауын, қарбыз- 1,7 мың тонна, пияз – 422,9 тонна, қырыққабат- 170,0 тонна, қызанақ- 96,0 тонна,  шұжық-37,0 тонна, ет-260 тонна, жүн-753 тоннаны құрады. Ал қайта өңделген өнім эспорты – 108,5 млн АҚШ долларын немесе жалпы экспорттың 88,9% құрайды.

Былтырғы жылмен салыстырғанда мегаполисте жылыжай көлемі де артып отыр. Қала аумағында қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 10 гектар жылыжай жаңадан іске қосылды («Отан Agro» ЖШС-10 гектар).

Айта кетейік, күзгі дала мен жиын терім жұмыстарын жүргізуге 1 000 тонна дизель отыны бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің өтінімдеріне сәйкес берілді. Сонымен қатар тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлініп, бүгінгі күні 91,04 млн теңгеге 752,4 тонна тыңайтқыш мемлекет тарапынан қосымша қаржыландырылды.