«AGRITEK SHYMKENT 2022» КӨРМЕСІ ӨТУДЕ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығының 9-шы халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр.  Оған  Қазақстаннан өзге, Түркия, Корея, Қытай, Ресей мен Беларусия мемлекеттерінің 50-ден астам компаниясы егін, мал және құс шаруашылықтарына қажетті түрлі техникалары мен өнімдерін әкелген.

Олар, сондай-ақ, ауыл шаруашылық техникаларының жабдықтары, қосалқы бөлшектерін, суару және тыңайтқыш технологияларын, жылыжайларды, тұқымдар мен көшеттерді, ветеринариялық технологиялар көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, көрмеден өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды да табуға болады.

– Урбанизациясы мен агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан үшінші мегаполис – еліміздегі ауыл шаруашылығы үшін қолайлы аймақтардың бірі. Сондықтан, егіс егіп, өнім өндіруде алыс-жақын шет елдердің озық технологияларын үйреніп, тәжірибеде іске асыру  аса қажет.  Жемісті жылдың жетістігін паш ететін барлық ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруаларға, кәсіпкерлерге зор алғысымды білдіремін. Дихандарымыздың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің  жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды,-деді  көрменің ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

– Ауыл шаруашылық министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан көрмені ТНТ ЭКСПО халықаралық компаниясы ұйымдастырған. Халықаралық деңгейдегі көрмені Шымкентте өткізу бекер емес. Себебі, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде потенциялы жоғары, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Егіншілік департаменті басшысының айтуынша, көрмеге келушілер өзі таңдаған техника мен құралдарды, өнімдері «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген несиемен ала алады. Мемлекеттік компания дихандар мен шаруалар сатып алған техниканың 25-50 процентін субсидиялайды. Алғашқы жарнасыз, кепілге ешқандай мүлік қоймай-ақ төмен пайызбен несие беріледі.  Айта кетейік, халықаралық көрме 9 қарашада басталды, үш күнге созылады.

2022 жылдың I-жарты жылдығында  Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 миллион  АҚШ долларын құрап,  өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 миллион  АҚШ долларына артты. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның көлемі  3,6 миллиард теңге болған.