E-OTINISH АРҚЫЛЫ 12 МЫҢНАН АСТАМ ӨТІНІШ ТІРКЕЛГЕН

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысында “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру  мақсатында  азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін барынша жеңілдететін  және олардың қаралуын бақылауды жетілдіруге арналған e-Otinish ақпараттық жүйесі әзірленді. Ақпараттық жүйенің ерекшелігі мен басты артықшылығы жұмыстың барлық процестерін цифрландырып, мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша өтініштердің бағытын автоматты түрде анықтайды. Мемлекеттік органдар арасындағы сұраныс санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқартады. Жүйені пайдаланушы тұрғынға өтінішті қараудың барлық кезеңдері, сатылары және мерзімдері туралы хабардар етіледі. Мемлекеттік органдарда қағазбастылық пен төрешілдікті болдырмау мақсатында жасақталған е-Otinish ақпараттық жүйесі eGov.kz сайты және “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы базасында “Нәтиже” орталығы арқылы қолжетімді екенін айта кету керек. Ақпараттық жүйені пайдалана отырып, мемлекеттік органдарға оңай әрі тез ресми өтінішіңізді жолдауыңызға мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда бұл жоба аясында Түркістан облысы полиция департаменті де тұрғындарға жүйелі қызмет көрсетуде.  Мәселен жыл басынан бері департаменттің құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне e-Otinish арқылы 12 мыңнан астам өтініш тіркелген. Бұл арыз-шағымдар дер кезінде қаралып, заңға сәйкес тиісті жауаптары берілген.

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев, 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды. Осының негізінде азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну рәсімдерін барынша жеңілдетуге және олардың қаралуын бақылауды жетілдіруге арналған e-Otinish ақпараттық жүйесі әзірленді. Осы ретте Түркістан облысының 109 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы тұрғындардан түсетін өтініштерді қабылдауда. Бірыңғай байланыс орталығы 2025 жылдың 2 айында Түркістан облысы бойынша 18 мыңнан астам өтініш қабылдаса, Келес ауданы тұрғындарынан 223 қоңырау келіп түскен. Оның 223-не дер кезінде жауап беріліп, 10 арыз-шағым иесіне жазбаша жауап берілді. Қызмет көрсетуші мекеме тарапынан жолданған жауап тұрғындарға смс арқылы жөнелтіледі.

Орталық «Aikey» ақпараттық жүйесінде 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Айта кетейік, операторлар орташа есеппен күніне 350-400 қоңырауға дейін қабылдайды. Өтініштердің басым көпшілігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі бойынша, оның ішінде жарық, ауыз су, газ, жол мәселелеріне байланысты түседі.

Байланыс орталық өтінішті жан-жақты қабылдайды. Атап айтқанда, 109 қысқа нөмірі, «Aikey» мобильді қосымшасы, turkestanobl.109@gmail.com электронды поштасы, WhatsApp желісі, телеграмда арнайы чат-боты, сондай-ақ, Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы келіп түскен өтінімдер қаралып, жауаптары арыз иесіне жолданады.

Түркістан облысы әкімі мен облыс әкімі орынбасарлары түзілген кестеге сай халық арасында қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде өткізіп келеді.  Қабылдау барысында азаматтар түрлі әлеуметтік, мәдени және қоғамдық мәселелерді көтерген. Оның ішінде әсіресе:

— мәдениет саласын дамыту;

— қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының жұмысын жандандыру;

— ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдық түйткілдер;

— жұмыс орындарын ашу;

— әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселесі жиі айтылған.
Бұл ұсыныстардың барлығы өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік әділеттілік орнатуға бағытталып отыр.

Цифрлық қызметтер – халыққа ыңғайлы, қолжетімді және ашық мемлекеттік басқарудың кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының “Халық үніне құлақ асатын үкімет” қағидасы негізге алынып,  2024 жылы Түркістан облысында  жергілікті атқарушы органдар тарапынан 26 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның 96 пайызы  электронды түрде ұсынылғанын айта кету керек.Қызмет сапасын арттыру мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізілді. Оның нәтижелері мынадай:
* 15 жергілікті атқарушы орган көрсететін қызметтерді қамтыды.
* 3 негізгі салаға — білім, әлеуметтік қорғау және жер қатынастарына бағытталды.
Бұл бастама – халықтың мемлекеттік қызметтерге деген сенімін арттырып, кері байланысты нақты шешімдерге айналдырудың айқын мысалы.

Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады. Мұндағы басты мақсат – халықпен кері байланыс орнату арқылы сапалы, ашық әрі тиімді мемлекеттік қызметті қалыптастыру.