«GOLDEN KIDS» – АҚЫЛДЫ БАЛАЛАР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Golden kids» бастауыш мектебі ашылды. Жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында ашылған білім ордасында балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. 4 қабатты су жаңа ғимарат шәкірттердің сапалы білім алуы үшін арнайы салынған. Бәйдібек би алаңында еңсе тіктеген оқу ұясы алыстан мен мұндалайды. Білім ордасының құрылтайшысы Сағадат Арапбайұлы салатанатты шарада мектептің кілтін директорға тапсырды.

Мұнан соң, мектепке құтты болсын айта келген қонақтар ішке еніп, ғимараттың техникалық жабдықталуына баға берді. Бастауыш сынып балаларын оқытатын орталықтың оқу әдістемелік безендірілуі де ерекше. Білім беру мекемесінде ұзын-ырғасы 25 кабинет бар. Онда 15 оқушыдан артық отырмайды. Шәкірттерге 3 мезгіл ыстық, пайдалы тағам беріледі. Мектепке білікті педагог кадрлар шақыртылған. Олар әсіресе, шет тілін тереңдетіп оқытады. Өнер білімге құштар шәкірттер шара барысында өз өнерлерін ортаға салды.

Қала тұрғыны Ардақ Жақсылықова ұлы Ақарысты бүгін нақ осы мектепке бірінші сыныпқа оқуға берді. Оқуға зейінді, өнерге бейімді ботақан сабақтан кейін осындағы үйірмелерге қатыспақшы. Әрі баланы мұнда оқыту – жұмысбасты ата-ана үшін өте тиімді.

Айта кету керек, «Golden kids» бастауыш мектебінде  тұрмыс жағдайы нашар отбасы балалары тегін білім алады Оларды білім ұясы тегін тасымалдап, ақысыз тамақтандырады. Мектептегі 400 орынның 200-і – тұрмысы төмен отбасы балаларының игілі үшін бөлініп отыр. Қазірдің өзінде 80 көпбалалы отбасы баласын осы оқу ұясында оқытуға өтінім беріпті.

Жалпы,  Президент Жолдауында айтылған 1000 мектептің 101-і немесе әрбір оныншысы Шымкентте салынуда. Ал, жеке мектепке қолдау білдіру –  уақыт өте келе мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешетін бірден-бір фактор болғалы тұр.