С.Құранбек: «МЕНІҢ ДЕ ИНСТАГРАМ ПАРАҚШАМА ЖАЛҒАН СЕРТИФИКАТ ЖІБЕРІП ЖАТАТЫНДАР БАР. МЕН МҰНЫ ДА АЛАЯҚТЫҚ ФАКТІСІ ДЕП БІЛЕМІН»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында әр аптаның сәрсенбісінде қала әкімінің орынбасары, әрі қала әкімінің ресми өкілі ретінде С.Құранбек мырза бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында брифинг беріп, тікелей эфирге шығатын дәстүрі қалыптасқан. Бүгінгі 20 тамыз күнгі брифингте Сәрсен Абайұлы қала көлеміндегі тіркелген қылмыстық істер бойынша хабарлама жасады. Хабарлама барысында интернет алаяқтық туралы, оның ішінде өзінің де атынан жасалып жатқан алаяқтық істер хақында да тоқталып өтті.

Оқырманға түсінікті болу үшін Сәрсен Абайұлының сөйлеген сөзін сол күйінде беруді жөн көрдік:

– Әдеттегідей қылмыстық істер бойынша хабарлай кетуге рұқсат етіңіздер. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде жалпы 181 іс тіркелген. Оның төртеуі сотқа жолданған, 61 іс қылмыстық алаяқтық, 46-сы ұрлық, 11 іс есірткінің заңсыз айналымына қатысты, және 9 іс жол-көлік оқиғаларына қатысты тіркеліпті.

Тағы да айта кететін жайт, дәстүрлі түрде әр брифинг сайын мұны айтып жүрміз, қылмыстық істердің ең басым бөлігі, бұл – әрине, алаяқтық. Соның ішінде интернеттегі алаяқтық, немесе қаржылық алаяқтық тағы бар. Интернет алаяқтығы бойынша – 21 іс тіркелсе, оның ішінде 4 іс инвестиция жасау арқылы ақшаны көбейту туралы жалған жарнама беру, 12 іс банк қызметкері, байланыс операторы және мемлекеттік қызметкерлері ретінде жалған қоңыраулар ұйымдастыру, 5 іс несие ресімдеу арқылы алдау фактісі бойынша тіркелген.

Өткенде ғана интернет алаяқтық тақырыбы бойынша жалпы сомасы 2 миллион 900 мың теңге қаржыға жасалған алаяқтық фактісі, бір азаматтың алданғаны туралы айтып едік. Бұл жолы К. есімді азаматша өзінің танысына «мемлекет тарапынан пәтер алып беремін» деп басқа бір жәбірленушінің 4 миллион теңге ақша қаражатын алаяқтық жолмен қымқырған.

Осы жерде айта кетететін нәрсе, менің де инстаграм парақшама бір кісілер бір жалған сертификат жіберіп, «сіздің атыңыздан пәтер алып береміз деп айтып жатыр» деп маған да хат жолдап жататындар бар. Мен мұны да алаяқтық фактісі деп білемін. Себебі, ол жерде көрсетілген азаматтың аты-жөні – менің аты-жөнім емес. Маған мүлдем қатысы жоқ тұлға. Бұл – біріншіден. Екіншіден, менің жетекшілік ететін салама бұл тұрғын үй саласы мен тақырыбына қатысты, жалпы Тұрғын үй басқармасына қатысты мәселелер кірмейді. Мен бірде-бір Тұрғын үй басқармасының құжаттарына ешқашан қол қойған емеспін. Мұндай дүниеге алданбаңыздар, құрметті қала тұрғындары! Оның бәрі жалған, алаяқтық іс-әрекеттер екенін айтқым, жеткізгім келеді.

Міне, осы жоғарыда айтылған фактілерге қатысты алаяқтығы бар, интернет алаяқтығы бар, жалпы қылмыстық істер тіркеліп жатыр. Сондай мағыналас фактілер күнделікті тіркеліп жатқандығын айтқымыз келеді. Адам өзінің деңгейін көтеріп, сауаты мен сапасын арттырып, бұл мәселеге маңдай терімен, табан ақысымен тапқан қаржысына мұқият болмаса, алданып қалатындығы даусыз.

Мынау интернет желісі – ғаламдық желі ғой. Мұны толығымен бақылап отыру мүмкін болмай отырғандығын өздеріңіз де білесіздер. Осы интернет желісіндегі қаржылық алаяқтықпен қатар, тағы бір тақырып, есірткі заттарын тарату, жарнамалау мәселесі де бізде қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналып отыр. Осыған қатысты, біз жастарымызды тағы да білім алуға, шақырамыз, бұл тұрғыда барлық жағдай жасалынып отыр ғой. Балаларымызға да, жастарымызға да жағдай жасалынып отыр. Білім алып, адал табыс табатын, адал еңбек ететін адал азаматтарымыздың қатарына қосылып, бір қоғамның белді мүшесіне айналуға шақырамыз. Себебі, қайталай кетейік, өткен аптадағы ұсталған адамдардың, осы есірткіге қатысты, барлығы 10 адам ұсталса, оның ішінде 18 бен 30 жас аралығындағы жастары – 6 адам, 30-60 жас аралығындағы кісілер – 4 адам, олардың барлығы жұмыссыз болған. Әсіресе, мынау жастардың саны әр статистикалық көрсеткіштерде көптеп кездесіп отыруы, басқаларға қарағанда басымдылыққа ие болып отыруы біздің жүрегімізді ауыртады, -деп Сәрсен Абайұлы бүгінгі сөзін сабақтады.