Ащысай сапары: Тау патшалығына саяхат

Түркістан сапарымыздың жалғасы іспетті Үлкен Қаратау қойнауына сапарлап едік. Осы арқылы тақырыптық жағынан экотуризм мен тау туризмін қамтитын Ащысай маршрутын көпшілікке таныстыруды мақсат еттік. Оқып көріңіз. Қызықтыра алсақ, келесіде өзіңіз де ат басын осы жаққа бұрғайсыз.

Туризм саласынан хабары жұрт біледі, «экологиялық туризм» дейтін сиқырлы тақырып бар. Бұл тақырып аясы: табиғаттағы қарапайым серуеннен бастап, тастанды қалалар мен өндірістік орындарды да қамтып жатады. Экотуризмге туризмнің тағы бір тармағы «тау туризмі» қосыла кетсе, тұмса табиғатқа бір бүйірі бұрып тұратын саяхатшыл жұрт елең ете қалады. Түркістанның айналасында осындай қызықты тақырыптар үндесетін орын – Ащысай кенті. Мұнда тастанды өндірістік орын да, иесіз қалған қала да, суы сылдырай аққан тамаша табиғат та, тасы сыр айтар тау да бар. Ең бастысы, дәл іргесінде қатынауға ыңғайлы облыстық маңызы бар ірі автожол – Кентау-Шолаққорған күре жолы жатыр.

Бұл бағыт, неге екенін білмейміз, облыстық туристік маршруттар тізімінде жоқ болып шықты. Ал, өңірімізде экотуризмді жақсы көретін экобелсенділер мен табиғат жанашырлары көп болмаса да, баршылық. Сұраныс бар. Өйткені, жыл сайын Ащысайға тағдыры ұқсас Байжансайға экотур жасайтындардың қатары мол ғой. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, және облыс орталығы мәртебесін жаңа ғана алған Түркістан қаласы маңайында тау туризмін насихаттауды да қарастырғанымызда Ащысай туры алдыңғы орынға шыға келді. Мақсат белгілі: жол мен демалатын аймақты көзбен көру, саралау. Ал, кеттік!

Түркістан мен Ащысайдың арасы 70 шақырымдай. Қ.А.Ясауи кесенесінен солтүстікке қарай тартылған Қазыбек би көшесімен Кентауға қарай жолға шықтық. Облыс орталығы мен Қаратау қойнауындағы шағын қалаға дейінгі қашықтық 26 шақырым болса, қазір ол жол кеңейтіліп жатыр. Шобанақтың тұсынан жаңадан салынып жатқан әуежайға қарай бір жол кетеді екен. Тас жолмен жарыса бойлай көтерілген шойын жол Құсшы ата ауылы маңында бағытын өзгертіп, алыстай түседі.
Осы маңда Қарашық өзені аңғарында өскен қалың жиде әдемі тоғай құрайды. Құсшы атадан өте салысымен Кентауға бұрылмай, тіке өтіп кетесіз де, суқойманы жағалай шығысқа бұрылып, Ащысай бағытына жүру керек. Суқойма маңындағы қамыс пен жиде аралас тоғай ішінде қырғауылдар қыт-қыттап, ағаштардан аса ұшып көзден жоғалады. Осы арадан 3 шақырымдай жүргенде Қотырбұлақ деген мекен кездеседі. Бұл атау тері ауруларына шипалы қасиеті бар бастаудың атымен байланысты аталса керек. Бастау жағасы мен ауылдың тау жақ бетінде Зеңгіш баба күмбезі көрінеді. Қотырбұлақтан 8 шақырым қашықта Шоқтас деген ауыл алдыңыздан шығады. Бұл ауыл Кеңес дәуірінде Кентау кеншілерінің дачасы болған.
Егер, жолда дәрет «қысса», осы бұрылыстағы Кеңес дәуірінен қалған «ескерткіш» – әжетхана тұр. «Ескерткіш» дейтініміздей бар, «Кемелденген социализм» заманында тіпті әжетхананың өзі сәулет өнерінің қайталанбас туындысы саналған ғой. Әжетхана болса да, оның сыртқы безендірілуі мен рельефті көрінісі қызықты үйлесім тапқан. Айтпақшы, осы бұрылысты ауыл тұрғындары «қоқыс полигоны» етіп алыпты. Көктем жаршысы – бәйшешекпен бірге айнала «әдемі үндестік» тапқан.



Шоқтас бұрылысынан кейін 10 шақырым жол жүргенде тағы бір өзен аңғары кездеседі. Өзен атауы туралы тақта ілінбепті. Осы өзен бойында қола дәуірінің оба-қорғандары мен ортағасырларға жататын қоныс орны бар екен. Қоныс орын үстіне осы заманғы мола қойылып, зират-кесенелер бой көтеріпті. Өзен атауы жазылмаса да, сол кесенеге баратын жолды меңзеп, «Қоңырқожа кесенесі» деп сілтеуіш белгі орнатылған. Білетін кісілердің айтуынша, бұл кесене қоңырат ішіндегі қоңыршұнақ руының өкілдері бас қосатын мекені екен. Осы маңнан шығысқа қарай 7 шақырым жүргенде жасыл желекке бөленген Ойық деген елді мекенге кіресіз. Бұл Ойық Кеңес кезінде Ащысайдан Кентауға кен таситын пойыздар аялдайтын теміржол стансасы болған. Ауыл іргесінен Иқансу өзені ағады. Ойықтың өзі осы өзеннің каньонды тау шатқалынан жазыққа ұласар тұсында орналасқандықтан, оңтүстік жағы толықтай тегіс кеңістік. Елді мекеннің 800 метрдей теріскей бетіндегі өзен аңғары тау қырқасымен табиғи түрде тарылатын тұсында ескі суқойманың ізі байқалады. Бұл ескі суқойма Кентау-Шолаққорған автожолының ең пейзажды бөліктері басталғанын білдіреді. Осы жерге жете қалсаңыз, табиғаттың әр көркем көрінісін қалт жібермей тамашалауға және әр сәтті фотоға түсіріп алуға дайындалып, ыңғайланып отыра бергейсіз.





Қаратаудың қабырғалы қырқалары еріксіз есіңізді алып, еліте береді. Тау жолы кенеттен қиғаштай еңіске құлдиласа, бірде жыланша ирелеңдей жоғары өрлейді. Тіп-тік құз бен жартас бейне қамал қабырғасын елестетсе, енді келесісі ертегідегі тас сарайды көз алдыңызға әкеледі. Осы жолмен өтетін жолаушылар шатқалдың әр тасына қатысты небір қиял-ғажайып аңыз-ертегі тудырған. Мына бір жартасты «Чапай» деп атайды екен. Оның себебі, тау жолының бір бұрылысында әлгі жартастан И.Чапаевтің бейнесі елестейді. Соңғы кездері бұл жартасты Момышұлы деп қайта атай бастапты. Оң жақтағы қара жартастың үстінде «Қатын қамал» қарауытады. Аңыз желісінде осы «қамал» үшін соғыс болып, қан төгіледі де, қан шашыраған аймақтың тасы сарғылт тартыпты деседі. Расында, айнала қап-қара тау жартасының ішінде сарғылт жолақ ерекше көзге түседі. Аңыз-ертегі көңілді аулап, жер-суға көркемдік бергенімен, шындыққа ұласа бермейтіні бар. Мүмкін, бұл «Қатын қамалда» қазыналы Қаратаудың бір пайдалы қазбасы жасырын жатқан болар? Қара тастар арасынан ызаланған «Батырдың көз жасы» деген жер де еріксіз назарыңды бұра береді. Бұл жердің де өзіне тән аңызы бар екен. Ертеректе жаудың назарынан ауылы мен қыз-келіншектерін осы маңайға жасырып, жорыққа аттанған батырлар қайта оралғанда шабылған жұртын көргендегі батырдың көз жасы екен деседі.


Автожол Иқансу өзенін бойлай, кейде тіпті ернеуіне жақын су кеше жоғары ирелеңдей көтеріледі. Өзен арнасында ағаш жоқтың қасы. Тек сәмбітал ғана өзен суынан қуат ала, өлермендікпен қатал табиғатқа төзімділік танытатын сияқты.



Жол бойы ерте гүлдеген бәйшешек, тырнагүл, қоңыраугүл секілді гүлдер көктем келгенін сүйіншілеп тұрғандай.



Осындай тамаша көріністі жол жиегінде аздап тыным алып, табиғатпен үндесіп алуға таптырмайтын жер іздейсің. Ондай жер «Чапайдың» дәл түбіндегі өзен жағалауынан табылады. Иқансудың жағалауы тек су сыбдырымен ғана емес, көгалды тегістеу алаңқайымен де көңілімізден шықты. Тура төбесінен жартас төніп тұр. Пейзажы әдемі. Осы арадан батысқа қарай жалғызаяқ жолмен тау қыратына көтерілуге болады. Бұл алаңқай шатыр тігіп, тынығып алуға таптырмайтын орын. Автожол тар тау аңғарымен өтетіндіктен, өзге бөліктерден мұндай жазықты көк алаңқайды жолықтырмадық.




Ал, сәл ғана аялдауға ғана болатын «Жастар бұлағы» деп аталатын аялдаманың айналысы қоқысқа, тастары адам аттарына толыпты. «Еріктілер жылында» жастарды үйлестіре алса, тазалап қоятын жердің бірі осы.

«Жастар бұлағынан» ары қарай каньон тағы да тарыла түседі. Сол арадан 700 метрдей жүргенде ХІХ ғасырда ағылшындар кен өндірген шахтаның қалдығы көрінеді. Халық аузында “Тассарай” деп аталатын нысан сол екен. Бүгінде тастан қаланған ғимараттың тек сұлбасы ғана қалған. Қазір ол маң бір қойшының жайлауы болса керек.



Осы тұстан 8 шақырымдай жолмен тіке асып түскенде Тұрлан елді мекені, одан ары қарай Ащысай кенті жатыр. Жолдың оң тұсы да, сол жағы да үйілген кен мен оның қалдықтары. Ащысайдан Шолаққорғанға қарай жүрсеңіз, Тәжсарай, Марусябұлақ, Алмалысай, Айтас дейтін жерлер кездесе береді. Олардың әрқайсысына қатысты айтылатын өз аңыз-әпсаналары жетеді. Ащысайда ескі өндіріс орындары мен олардан қалған тастанды ғимараттарды көруге болады.

Егер, бұл жаққа саяхаттауды жоспарласаңыз, шатырыңыз бен төсек қапшығыңызды сайлай барған жөн. Ауызсу мен отын табылады. Сондай-ақ, фотоаппарат, картина жазуға лайықталған асай-мүсейіңізді, телефоныңызды қуаттайтын поуер банкіңізді де ұмытпағайсыз.


Үлкен Қаратаудың тұмса табиғатын тамашалаған бүгінгі сапарымыз осы тұстан аяқталды. Келген жолымызбен кері тарттық. Жолай түйген ойымызды пысықтап, тау пейзажына тамсанумен болдық. Жолыңыз Түркістанға түсе калса, осындай туристік маршрут барын еске алып, сұлуланған қатпарлы Қаратауға ат басын бұрғайсыз.

Түркістан-Ащысай-Түркістан