АГРОӨНЕРКӘСІПТЕГІ ЖАҢА БЕЛЕС
223 АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫ САТЫП АЛЫНДЫ Түркістан облысында көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл өңірде 536 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егу жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін оның 165 мың гектарына тұқым себілді. Атап айтқанда 55 мың гектарға дәнді, 29 мың гектарға майлы дақылдар, 40 мың гектарға жоңышқа, 15 мың гектарға көкөніс, […]
223 АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫ САТЫП АЛЫНДЫ
Түркістан облысында көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл өңірде 536 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар егу жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін оның 165 мың гектарына тұқым себілді. Атап айтқанда 55 мың гектарға дәнді, 29 мың гектарға майлы дақылдар, 40 мың гектарға жоңышқа, 15 мың гектарға көкөніс, 6 мың гектарға картоп, 19 мың гектарға бақша дақылдары егілген.
Өңірде егін егумен қатар ерте пісетін өнімдері жинап алу ісі де қатар жүруде. Мақтаарал ауданы мен Жетісай ауданы ерте пісетін өнімдерді нарыққа шығарып, 300 тонна қырыққабат жинады. Бүгінгі таңда өнімнің бір келісі нарықта 100–130 теңге аралығында саудалануда.
Көктемдегі дала жұмыстарына 37,4 мың техника жұмылдырылған. Шаруалар мемлекет қолдауын пайдаланып, қолда бар техникасын жаңартуда. Биыл ҚазАгроҚаржы ұйымының бағдарламалары арқылы жаңадан 223 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Минералды тыңайтқыш өндіретін отандық кәсіпорындармен жасалған келісімге сай шаруалар қажеттісін дер кезінде алуда. Соның арқасында қазірге дейін егіс алқаптарына 25 мың тонна тыңайтқыш себілді. Арзан бағадағы жанар-жағар май да дер кезінде жеткізілуде. Дихандар егіс науқанына қарастырылған 15 мың тонна отынның жартысына жуығын литрі 280-281 теңге болатын бағамен алып үлгерген.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ҒЫЛЫМИ ФОРУМ ӨТТІ
Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласын ғылыми негізде дамыту мақсатында ғалымдар бас қосты. Ордабасы ауданында ұйымдастырылған жиын «Агроөнеркәсіп кешенінде заманауи агротехнологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы тиімділігін арттыру» тақырыбына арналды. Форумға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Азат Оралбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі Жәнібек Паржанов, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ аграрлық факультетінің деканы, профессор, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Гүлнәр Тастанбекова, «Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы» кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Әбдірайымов, сонымен қатар, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандарының шаруалары қатысты.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп бойынша еліміздің өзге аймақтарынан озық. Бұл салада жыл сайын 1 триллионнан астам теңгенің өнімі өндіріледі. Бұл республикалық көрсеткіштің үштен бірі.
– Саланы ғылыми негізде дамыту – мемлекет басшысының жүктеген негізгі міндеттерінің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз бұл бағытта ғылыми орталықтармен тұрақты байланыс орната отырып, жаңа тәсілдер ендіруді жолға қоймақпыз, – деді басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Форумда «Темірлан қант» компаниясының «Қант қызылшасын егу, жинау және терең өңдеу» жобасы таныстырылды. Сондай-ақ оңтүстік өңірінде қой өсіру ерекшеліктері, жоғары өнімді өрік және жүзім дақылдарын өсіру, экологиялық таза отандық кептірілген жемістер өндіру, жоғары кірісті өсімдік шаруашылығын ұйымдастыру, өнімділікті 20 пайызға арттыру тақырыптарында баяндама жасалып, мәліметтер ұсынылды.
Жиын соңында қатысушылар аграрлық секторды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру бағытында өзара пікір алмасты.
АГРОСАЛАНЫ ДАМЫТУҒА ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР ҮЛЕС ҚОСАДЫ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында маңызды халықаралық ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы жанындағы «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қолдауымен өңірге Германиядан тәжірибелі инженер, SES сарапшысы Людвиг Вресманн (Ludwig Wreesmann) арнайы келді. Шетелдік маман «Сапа 2002» ЖШС алқабында кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті. Бұл жолғы кездесу кәсіпорынның аграрлық өндіріс тиімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және егін өнімділігін көтеруге зор мүмкіндік бермек. Сондай-ақ бұл бастама өңірдегі агробизнес саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдардың бірі болып отыр. Шетелдік сарапшыларды тарту арқылы кәсіпорындар өндірістік процестерін жетілдіріп, халықаралық стандарттарға сай дамуға жол ашады.
Айта кетейік, «Сапа 2002» ЖШС басшылығы алдағы уақытта өндірісті әртараптандыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, кәсіпкер ет өңдеу және өсімдік майын өндіру цехтарын дамыту үшін де шетелдік білікті мамандарды шақыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мұндай жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз қалайды.