БЮДЖЕТ КІРІСІ МОЛАЙЫП, БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫЛАР ТОЛЫҚ ИГЕРІЛУДЕ

Түркістан облысында өзіндік кірістер көлемі артып, биылғы жылдың алғашқы тоқсанына межеленген жоспар артығымен орындалды. Биылғы  жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша облыс қазынасына 58,3 миллиард теңге кіріс кірген. Жоспардың 118 пайызға орындалуына өзіндік кірістердің ұлғаюы себеп болған.  Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы  кезеңімен салыстырғанда 5,2 миллиард теңгеге немесе 8%-ға өсіп отыр. Сонымен қатар субвенциялар, бюджеттік […]

Түркістан облысында өзіндік кірістер көлемі артып, биылғы жылдың алғашқы тоқсанына межеленген жоспар артығымен орындалды. Биылғы  жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша облыс қазынасына 58,3 миллиард теңге кіріс кірген. Жоспардың 118 пайызға орындалуына өзіндік кірістердің ұлғаюы себеп болған.  Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы  кезеңімен салыстырғанда 5,2 миллиард теңгеге немесе 8%-ға өсіп отыр. Сонымен қатар субвенциялар, бюджеттік кредиттерді өтеу және республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер жоспары толықтай 100%-ға орындалған.

Өңір бюджетінің орындалуы мен бекітілген индикаторлардың жүзеге асу барысы талқыланған жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров:

– Түсімдер мен өзіндік кірістерді арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейте түсу керек. Бюджетті уақтылы әрі өз мақсатында сапалы игеру мәселесі де өзекті. Облысты дамыту бойынша бекітілген индикаторлардың орындалу барысы қатаң бақылауда тұр. Кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың жауапты тұлғаларына тиісті шаралар көріледі,-деп жауапты тұлғаларға қатаң ескерту жасады және нақты міндеттер жүктеді.

Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың айтуынша, кейбір экономикалық көрсеткіштер бойынша республиканың өзге аймақтарымен  салыстырғанда Түркістан облысының көрсеткіштері жоғары. Атап айтқанда, өзіндік кірістер жоспарының орындалуы 118%-ға орындалса, республикадағы орташа көрсеткіш 109%-дан жоғары болды. Ал түсімдердің өсу қарқыны 108%-ға, салықтық кірістердің артуы  104%-ға жетіп,  оң динамика көрсеткен.

Ерекше тоқталатын тағы бір жәйт, аудан және қала әкімдіктері бойынша да өзіндік кірістер жоспары толық орындалған. Сондай-ақ бірқатар негізгі салық түрлері бойынша  нақты өсім байқалады. Мәселен, жеке кәсіпкерлердің табысынан 7,6 миллиард теңге салық жиналған. Бұл жоспардан едәуір жоғары сомма. Сонымен бірге  мүлік салығы 4,7 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 1 миллиард  теңгеге артығымен орындалып отыр.

Облыс экономикасындағы оң өзгерістер  заңды тұлғалар санының артуына да ықпал етіп жатыр. Оның айқын дәлелін мына деректерден аңғаруға болады.  Жыл басынан бері өңірге басқа облыстардан  172 заңды тұлға келіп тіркеуге алынған. Олардан өңір қазынасына  394 миллион  теңге салық түсті. Мұнан бөлек, тағы заңды тұлғалардың қатары жаңадан жасақталған  362 субьектімен толықты. Бұл көрсеткіштер қазына кірістерінің артуымен бірге өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының артып келе жатқанын аңғартады.

Жалпы, Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 5 бағыт бойынша 27 негізгі ұлттық индикатор, 17 нысаналы индикатор, 77 нәтижелі көрсеткіш қарастырылған.  2026 жылдың I тоқсанында мемлекеттік бюджетке жалпы  248,5 миллиард теңге кіріс келіп, жоспар 99,7%-ға орындалған. Яғни өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда түсім 40 миллиард теңгеге артып отыр. Бұл туралы  Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті көрсетілетін мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді. Оның айтуынша:

«2026 жылдың І тоқсанында 2 миллиард теңгеден астам қосымша кіріс көздері анықталып, өндірілді. Атап айтқанда, камералдық бақылау нәтижесінде – 572 миллион теңге, жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру бағытында – 500 миллион теңге, кедендік және қосымша құн салығын әкімшілендіру бағытында – 387 миллион теңге, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру нәтижесінде – 610 миллион теңге салық бюдежетке түсті. Мемлекеттік қызмет көрсету  сапасы да айтарлықтай жақсарған. I тоқсанда 500 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, оның 99%-ы электронды форматта жүзеге асқан».

Сондай-ақ өңірде көлеңкелі экономикамен күрес бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылып отыр. Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айдос Құралбайұлы бұл саладағы жұмыстарды былайша баяндады.

– Кедендік бақылау аясында заңбұзушылықтарға қарсы күрес күшейтіліп, есірткі тасымалдаудың 3 дерегі анықталды. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін заңсыз әкету бойынша 29 жағдай тіркелді. Нәтижесінде мұндай әрекеттерге барған азаматтарға 1,58 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. 9,6 тонна жанармай тәркіленді. Бұдан бөлек, 12 200 АҚШ долларын елден заңсыз әкету дерегі анықталып отыр, -деді басқарма басшысы. – Облыста кеден инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. «Атамекен», «Бауыржан Қонысбаев» бекеттері жаңартылып, «Қапланбек» кеден бекеті қайта іске қосылды. «Жібек жолы» бекетін биыл тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған» – деп, сөзін түйіндеді Айдос Құралбайұлы.

Бюджеттен бөлінген қаржыларды игеру ісінде де бұрынғыдай кешуілдеу, кестеден қалып қою азайған.  Есепті кезеңде облыс бюджетінің шығыстары 315,6 млрд теңгеге жетіп, жоспар 99,4%-ға орындалды. Жалпы  алғанда, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Түркістан облысында бюджет түсімдері мен шығыстарын орындау бағытында оң нәтижелер қалыптасып, негізгі макроқаржылық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасып отыр.