Ежелгі қыш құмыра жасау технологиясы: Шебер тәжірибесі мен дәстүр сабақтастығы

Шымкент қаласының Абай ауданына қарайтын Тұрлан шағынауданында «Қылует» деп аталатын этнографиялық музей жайғасқан. Бұл музейдің артықшылығы – келушілер назарына қыш құмыраларды ежелгі заманның жасау технологиясымен көз алдында жасап көрсетіп береді. Туристер өз қолымен жасаған бұйымдарын кәдесый есебінде өздерімен бірге ала кететін қызықты ерекше қызмет түрін ұсынып жатады. Бүгінгі тақырыбымыз осы бір ерекше қолөнер шебері Кендебай аға Қарабдаловтың істеп жатқан тірлігі туралы болмақ.

ХІХ-ХХ ғасырлардағы Орта Азияның қыш құмыра жасау өнері орыстардың фабрикалық фарфор өндіру өнеркәсібіне қарсы тұра алмады. Содан құмыра жасау өнері күрт құлдырап, өте тиімсіз кәсіпке айналды, ұмытылды. Ол түгілі қазіргі таңның өзінде Орта Азия мемлекеттерінде ресейлік және қытайлық ыдыстар алдыңғы орында тұр. Қытай, Ресей, Еуропа елдерінің фарфор материалынан жасалған бұйымдарын қазіргі таңда еліміздің байлары мен шенеуніктерінің сөрелерінен көптеп кездестіруге болады. Ал, Қазақстан территориясында қыш ыдыстар қазіргі таңда тек сәндік қолданбалы өнер ретінде қалып қойды.

Шебер Кендебай Қарабдаловтың туындылары – қыш құмыра бұйымдары

Көне замандағы танымал керамикалық бұйымдар жасаудың көптеген техникасының қыр-сырын қазіргі таңда пайдаланып, дәстүрді жалғастырып жүрген шеберлер аз да болса баршылық. Саз балшықты өңдеу өнерінің тез дамуына байланысты, осы уақытқа дейін олардың түрлі әдістері дәстүр сабақтастығымен жалғасып келеді. Бірақ, соған қарамастан, қазіргі кездегі құмырашылар сол баяғы көне шеберлердің дәстүрін жалғастырып қана қоймай, олар осы күнге дейін саз балшықтан жасалынған ыдыстарды баяғыша, көбінесе қолмен пішінге келтіреді. Қазіргі таңда еліміздің Оңтүстік өңірінде қолөнер шеберлері жетерлік. Солардың ішінде құмыра өнерімен айналысатын шеберлеріміз де, жас буынды құмыра шеберлері де баршылық.

Ежелдегі халық тұрмысының, соның ішінде керамика өнерінің тарихын, рухани мұрасын, материалдық мұрасын зерттеуде акдемик М.Е.Массонның, профессор С.П.Толстовтың, М.П.Грязновтың, С.С.Черниковтың, Л.М.Левинаның, А.Х.Марғұлан, А.Г.Максимова, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, Т.Н.Сенигова, К.А.Ақышев, М.К.Қыдырбаев, Х.А.Алпысбаев, Б.Нұрмағамбетов, К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, Р.З.Бурнашева, М.С.Мершиев, А.К.Ақышев, Ж.К.Таймағамбетов, Ж.К.Құрманқұлов, Е.А.Смағұлов, З.Самашев, Т.В.Савельева, А.Н.Марьяшев, Б.Ә.Байтанаев және т.б еліміздің көптеген бетке ұстар археологтарының еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай құндылық болып табылады. Ал, бүгінгі таңда ертеректегі керамика өнерінің көркемдік ерекшеліктерін археологтар, өнертанушылар, суретшілер зерттеп келеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда сол керамика өнерінің дәстүрін бүкіл әлемде жалғастырылып олардың басым көпшілігі қазіргі таңда сәндік қолданбалы өнер туындысы немесе сыйлық, кәдесый ретінде пайдаланып, сондай-ақ тұрғын үйлердің немесе қоғамдық ғимараттардың бөлмелерін, қала көшелерін көріктендіруші сәулеттік пішін ретінде көрік беріп тұр. Қазіргі таңда осындай керамика өнерін дәстүрлі түрде жалғастырып, халыққа насихаттап жүрген құмыра өнерінің шеберлері баршылық. Солардың бірі Қарабдалов Кендебай Әбжаппарұлы келешек ұрпақтың бұл өнерді игеріп әрі қарай жалғастыруына, барынша мүмкіндік туғызуына атсалысып келеді. Солармен қатар, қазақ халқының қолөнерін шет мемлекеттерге насихаттап, елдің жаһанға танылуына өзінің аз да болса үлесін қосып жүр. Мұндай қолөнершілік дәстүрі тек, Қазақстан ғана емес, сонымен қатар, Өзбекстан, Иран, Қытай, Ресей және т.б мемлекеттерде де жалғасын тауып жатыр.

Кендебай аға 1978 жылдан бастап көне Отырардың дәстүрлі құмырашылық өнерінің технологиясы мен дәстүрін қалпына келтірумен айналысады. Кендебай аға өзі ғана қолөнер шебері болып қоймай, өзінің ұлдары Ерболат пен Шынболатты шәкірт етіп тәрбиелеп, керамика өнерінің шебері етіп тәрбиеледі. Өйткені, бүгінгі буын қыш құмыраларды, оның сынықтарын археологтардың қазба дүниелері мен мұражай сөрелерінен ғана көріп, тамашалап жүр ғой. Өкініштісі, құмыра жасаудың қасиетті өнері уақыт өте кейіннен ұмытылды. Қазір Оңтүстікте саусақпен санарлық қана шеберлер бар.

Бүгін біз еліміздің Оңтүстік өңіріндегі қыш құмыра жасау өнері шеберлерінің бірі Қарабдалов Кендебай және оның шәкірттерімен бірге шебердің қыш құмыра жасау техникасы мен технологиясы бойынша құмыраның жасалу жолдарын назарыңызға ұсынамыз. Қазіргі замандағы қыш құмыра саз балшықтарын дайындау және оларды жасау жолдарын біз үлкен 6 кезеңге бөліп қарастырамыз.

1-кезең – қыш құмыра шикізатын дайындау кезеңі. Біздің кейіпкер шеберіміз Отырар ауданының тумасы болғандықтан, ол қажетті шикізатты Отырар ауданындағы Арыс, Сырдария өзені бойынан алады екен. Арнайы қазып жиналған топырақ жаңбыр-судың немесе қардың астында, яғни табиғи құбылыстардың әсерінде екі-үш жылдай жатады. Шебердің айтуынша мұндай саз балшықтар анағұрлым майысқақ келіп, құмыраның жақсы шығуына бірден-бір септігін тигізетінін айтты. Шебер қажетті топырақтың бөлігін көлікпен шеберхананың бастырмасына жеткізіп алып, топырақты арнайы науаға салып қояды.

Келесі 2-кезең – илеу кезең. Бұл кезеңде шебер топырақты ұсақтап електен өткізе бастайды. Електен өткен қажетті мөлшердегі топыраққа біртіндеп су құя отырып, аяқпен немесе қолмен илеп, саз балшықты мата қапшыққа салып іліп қояды. Мұның себебі, сүзілген саздың құрамындағы құм ажыратып алынуы тиіс. Құмның саздан ажыратылуының себебі, шеберлердің айтуынша құмыраны пішімге келтіру барысында құрамында құмы бар балшық кері әсер келтіретіндігімен түсіндірді. Құрамында құмы ажыратылып иленген саз балшық арнайы жайманың үстіне бөлшектеп сала отырып саздың көлеміне қарай қолмен немесе аяқтың көмегімен кезектесе басып иленеді. Сонымен қатар, шебер саз балшықтың құрамына қоға, мақта, қамыстың үпілін қоса отырып, қалпына келгенше илеуін жалғастырады. Негізінен, сазды илеу барысы оның көлеміне қарай бекітіледі, олар екі сағаттан жоғары немесе бір-екі күн иленеді. Осыдан әбден иленген саз балшық арнайы ыдысқа немесе қалтаға салынып ауа кірмейтіндей етіп қымталып екі күндей сақталады.

3-кезең – пішімдеу кезеңі. Шебер алдыңғы кезеңде дайын болған шикізатты, яғни саз балшықты алып пішімге келтіре бастайды. Осыдан соң пішімге келтірілген құмыралар шеберхана бөлмесінде бір қалыпты бөлме температурасында 2-3 сағаттай кептіріліп, бұдан соң қыш ыдыстың бетіне штампты немесе тырнап сызу арқылы ою-өрнектер салынып, орындалады. Осыдан соң аталмыш құмыралар бөлме ішінде үш-төрт күн шамасында кептіріледі. Кейіннен ағарып толық кепкен қыш ыдыстардың арасында өрнектер анық түспей немесе сызылмай қалған болса оларды қырып сызу тәсілімен толықтыру барысы басталады.

4-кезең – өрнектелген шикі қыш ыдыстарды арнайы қыш құмыра күйдіретін пешке орналастыру кезеңі болып табылады. Ыдыстар шебердің жеке тәжірибесімен қалыптасқан ереже-тәртібі бойынша орналастырылады. Бірінші пештің төменгі жағына көлемі үлкен ыдыстар қатарлана қойылады, содан соң, ол үлкен көлемдегі құмыралардың ішіне көлемі майда немесе шағын құмыраларды арнайы тіреуіш төсеніштерге қойып орналастырылады. Осыдан соң пештің жоғарыдағы түтін шығатын тесігі, яғни мұржасы қалдырылып, пештің айналасына кірпіштерді қалап, сыртынан сылап бекітіледі. Осыдан кейін қыш құмыраларды күйдіру барысы басталады. Күйдіру барысын біз бесінші кезеңге жатқызып отырмыз.

5-кезең – күйдіру кезең. Бұл кезеңде құмыраларға толы пештің астына алдымен жеңіл-желпі шөп-шалам, қамыс, ағаш бұтақтарын жаға бастаймыз, яғни пешті біртіндеп қыздыра бастаймыз. Осы арада айтып кетер жайт, шебердің айтуынша, егер де пештің астын бірден қатты жағатын болса, ол температураның бірден көтерілуі салдарынан керамикалардың бірден талқандала қирауына әкеп соғады. Осылайша екі сағаттай жеңіл желпі қыздыра отырып, екі сағаттан соң қатты ағаштарды біртіндеп сала бастайды. Олар жиде ағашы, тораңғыл, қара ағаш, тұт және т.б діңі қатты ағаштар болып келеді. Керамиканы күйдіру барысы отты жаққаннан бастап белгіленіп бекітіледі. Осылайша 7-8 сағаттай үзбей от жағылады. Қыш ыдыстардың күю процестері пештегі саңылау арқылы әрдайым бақыланып отырылады. Осы кезде керамиканы күйдіру барысында ыдыстардағы қажетті түстерді алуға мүмкіндік бар. Яғни, оттың жануы көмегімен қыш ыдыстарға қалаған түстерді беруге болады. Олар қара күйе түстен басталып, ақ түспен аяқталады. Яғни, ең соңғы түс – ақ түс. Пештің ішіндегі құмыралар күю температурасына байланысты бірнеше түстерге ауысып отырады. Солардың ішінде жасыл түстер де баршылық. Дегенмен, айта кететін жайт, пештегі біріңғай күйдірілген құмыралардың түстері әрқашанда бір түске ие болады. Пештегі 7-8 сағат жағылған от, ыдыстар белгілі бір қажетті түске ие болғанда пештің оттығы бірден оттан немесе шоқтан тазартылып, артынша пештің мұржасы мен оттық ауызы сыланып бекітіледі. Бекітілген пеш 48 сағат немесе екі күн суытылады.

6-кезең – тазалау кезеңі. Бұл кезеңде пештен суытылып алынған қыш ыдыстардың сырты күю барысында болған күл немесе шаң тозаңдардан біртіндеп салқын сумен жуу арқылы тазартылады. Осымен сәндік керамика бұйымы дайын.

Қыш құмыра шебері Қарабдаловтар сондай-ақ, шыңылтырлы бұйымдарды тәжірибе жүзінде жасаған. Бұл, тұрғыда құмыра шеберлері өздерінің тәжірибелерін бөлісті. Шыңылтырлы ыдыстардың шикізаты немесе пішімге келтіру, күйдіру барысы дәл жоғарыда аталып өткеніміздей. Осыдан күйген дайын өнімге шыңылтырлы түрлі-түсті бояулар жағылады. Керамиканың бояуын қазіргі таңдағы дайын кәдімгі ұнтақ секілді, құрамында шыңылтыры аралас түрлі-түсті бояуларды қолданады. Бұл ұнтақтар арнайы сұйықтыққа араластырылып ыдыс бетіне жағылады, яғни белгілі бір ою-өрнектер сала орындалады. Шыңылтыр жағылған ыдыстар бірқалыпты бөлме температурасында кептіріліп, пешке орналастырылады. Шыңылтырлы қыш ыдыстардың күйдіру процестері жоғарыда аталған шыңылтырсыз керамикаларға қарағанда басқаша болады. Мысалы, шыңылтырлы керамикалар жеңіл желпі шөп-шалам немесе ағаш бұталарын 3-4 сағатқа дейін жаға отырып, шыңылтыр беті жайылғанша бақыланып отырады. Осыдан соң баяғыша мұржа мен оттық бекітіліп пеш 10 сағатқа дейін суытылады.

Қазақстандағы қолданбалы іс-тәжірибелік археология ғылымының негізін қалаушы ғалым Кендебай Қарабдаловпен бірге

Шеберлердің айтуынша, қазіргі таңда сауда қатарларындағы арзан шыңылтырлар өте сапасыз болып келген, осының нәтижесінде олардың қыш ыдыстарындағы шыңылтыр сапасы да өте төмен болған. Ал, сапасы жақсы шыңылтырлар өте қымбат. Осының нәтижесінде шеберлер шыңылтырлы бұйымдарды жергілікті сауда қатарларына шығармай және айналыспай отыр.

Қазіргі таңда Қазақстандағы керамика өнерін көршілес Қытай, Иран, Тайван, Малайзия, Ресей елдерімен салыстыратын болсақ, айырмашылықтар көк пен жердей. Дегенмен де, фарфордан жасалған қолөнер бұйымдары Қазақстанда сирек кездеседі. Фарформен Г.Досмағамбетов («Қазақтың ұлттық спорттық ойындары» сүйек, фарфор, глазурьлі, қолжазба 2000, «Петроглифтер»), Б.Алишев және т.б айналысқан. Керамика өнерінің жасалу жолдары, тарихы қызықтырған Оңтүстіктің шеберлері бүгінгі күні өзінің өзегі талмай, еңбектерінің арқасында біраз жетістіктерге жетіп жүр. Көршілес елдерде қазіргі таңда керамика өнері кәсіпкерлікке айналған. Мысалы, Ресейдің қазіргі таңдағы сәндік керамика бұйымдарын, яғни шыңылтырлы қыш ыдыстары өте жоғары сапалы шыңылтырмен қапталынған. Шыңылтырлы бұйымдардағы ою-өрнектерді арнайы суретшілер орындаған. Ыдыстарды көркемдеу барысында түрлі құрал-жабдықтар қолданылған. Олар түрлі көлемдегі қылқаламдар, үшаяқты төсеніштер және үшкір, өткір заттар.

Сондай-ақ, көршілес Өзбекстанның қыштан жасалынған леген, кесе, шәйнек және т.б заттарын кәзіргі күнге дейін сауда орындарынан кездестіруге болады. Олардың басым көпшілігінің ою-өрнектері трафарет арқылы түсірілгені айдан анық көрініп тұр және керамика, шыңылтыр сапасы өте төмен, жиі шытынағыш. Бұл ыдыстар әлі күнге дейін Қазақстан территориясындағы қарапайым адамдардың арасында қолданысқа ие. Қыш ыдыстардағы бояулар сия көк, сары, жасыл, қоңыр түстер.

Осымен, біз қазіргі замандағы қыш құмыра өнерінің жасалу технологиясы мен техникасын сипаттай отырып, байқағанымыздай керамика өндірісінің ертеректегі жасалу жолдары сақталғандығын байқаймыз. Атап айтар болсақ, қыш бұйымдардың шебер шеңберінде қолмен пішімге келтіру барысы, оны өрнектеу тәсілі, саз балшықтың құрамы мен дайындау жолдары сақталған. Сонымен қатар, пештердің құрылымы немесе оның ішіндегі бұйымдарды орналастыру, күйдіру температуралары немесе жолдары, пештің құрал-саймандары баяғыша пішімді сақтаған. Жалпы, қазіргі таңдағы құмыра өнерінің айырмашылықтары құрал-саймандардың, шыңылтырлардың заманауи дамып кетуі. Қолөнершілердің айтуынша, керамика – бұл қолданбалы өнердің ең күрделі саласы, оның әрбір бөлшегін, құрамын, қыюласқан қимылын шебер сезіне білуі тиіс. Бірақ, ең құндылығы адамның қолынан туындаған бұйым кез келген уақытта көңіліңді жайдарландырып және жылы лебізге толтырып, адамның рухани өмірін өмірдің ерекше бөлігіне бөлеген.

Бүгінгі таңда өткен ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырып кеткен еліміздің рухани-мәдени мұра байлығымызды қайта жандандырып, өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз қажет. Керамика өнері – өзінің атына заты сай бұл халқымыздың ұлттық мәдени мұрасының дәстүрлі көріністерінің келбеті. Еліміздің сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан дәстүріміздің өркендеуіне қосып отырған үлесі мол. Сол себептен, бұл үлестің молая түсуіне де жағдайдың жасалуы қажет етеді.

 

Жанна СҮЛЕЙМЕНОВА

Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері