ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕГЕ КҮРДЕЛІ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

Диафрагмалық жарық – балалар хирургиясындағы ең күрделі және өмірге қауіп төндіретін  патологиялардың бірі саналады. Бұл жағдай диафрагманың даму ақауымен сипатталып, іш қуысындағы ағза мүшелерінің кеуде қуысына ығысуына әкеледі. Мұндай жағдайда баланың  тыныс алуы мен ішкі ағзалардың қызметі бұзылады. Аурудың бұл түрі адам бойында  туа бітті немесе жүре келе пайда болуы мүмкін. Оның ең қиыны, дер […]

Диафрагмалық жарық – балалар хирургиясындағы ең күрделі және өмірге қауіп төндіретін  патологиялардың бірі саналады. Бұл жағдай диафрагманың даму ақауымен сипатталып, іш қуысындағы ағза мүшелерінің кеуде қуысына ығысуына әкеледі. Мұндай жағдайда баланың  тыныс алуы мен ішкі ағзалардың қызметі бұзылады. Аурудың бұл түрі адам бойында  туа бітті немесе жүре келе пайда болуы мүмкін. Оның ең қиыны, дер кезінде диагностика жасап, шұғыл емдеуді талап етеді. Бүгінгі таңдағы заманауи медицина жетістіктерінің нәтижеленіе  қарамастан, туа біткен диафрагмалық жарығы бар нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 50 пайыздан аспайды. Түркістан облыстық №1 облыстық перинаталдық орталығында туып,  шыр етіп дүние есігін ашққан сәтінде-ақ осындай ауру белгісі бар шараналар бірден жедел түрде  облыстық балалар ауруханасына жеткізіледі. Мұнда нәрестеге диафрагмалық жарық диагнозы қойылып, мультидисциплинарлық консилиум өткізілді. Дәрігерлердің бірлескен шешімімен балаға шұғыл түрде заманауи, аз инвазивті торакоскопиялық операция жасалды. Бұл әдіс жарақатты азайтып, операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін жеделдетуге және жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ота барысында ішкі ағзалар қалыпты анатомиялық орнына келтіріліп, диафрагмадағы ақау жабылды.

Түркістан облыстық балалар ауруханасында осындай күрделі операция сәтті өтті. Отадан кейін 12 тәулік бойына жансақтау бөлімінде жатқан нәрестенің жағдайы жақсарып, профильдік бөлімшеге ауыстырылды. Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетіледі. Бұл, өңір дәрігерлерінің кәсіби шеберлігі мен үйлесімді жұмысының нәтижесін айғақтайды.

Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында Түркістан облысында  жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде перинаталдық көмек 3 деңгейде көрсетіледі. Бүгінгі таңда аймақта  22 перзентхана  жұмыс істейді. Олар 95 пайызға қажетті медициналық кадарлармен қамтамасыз етілген. Ал, перзентханалардың жабдықталу деңгейі 80,7 пайызға жеткен.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша алқа отырысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап,  алдағы кезеңге арналған басым бағыттар талқылады.

– Басты қазынамыз – адам өмірі. Мемлекет бюджетін медицина сапасын жетілдіруге, қызмет сапасын арттыруға, жаңа технологиялар енгізуге тиімді пайдаланыңыздар. Жекеменшік секторлардағы медициналық мекемелерге де талап күшейеді. Сондықтан мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандырып, медициналық қызметтің барлық деңгейде сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етіңіздер. Жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныс беріңіздер, – деді жиында Қанат Қайыпбек.

Халқы көп, демографиялық өсімі аса жоғары саналатын Түркістан облысы елімізде жаңа туған нәрестелер саны бойынша еліміздегі өзге аймақтардан көш ілгері.  Жыл сайын республикада дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі осы өңірде дүние есігін ашады. Былтыр облыста 54 498 сәби дүние жарық дүниемен қауышса, оның 643-і – егіз, 8-і – үшем боп туылған.  Үшемдер мен егіз сәбилердің туылу көрсеткіші бойынша да Түркістан өңірі республикада  басқалардан озық.

Елімізде арнайы қабылданған «Аңсаған сәби» бағдарламасы да өңірдегі демографиялық ахуалды одан әрі жақсартып, мыңдаған отбасыны бала сүю бақытына кенелтті.   «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста былтырғы жылға бөлінген квоталар толық игеріліп, соның арқасында  780 сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздер мен үшем болып туған нәрестелер де бар. Бұл бағыттағы кешенді әрі қолдау жұмыстары биыл да жалғасын табады.

Балалар денсаулығын сақтау бағытында да түстік дәрігерлері жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Бүгінгі таңда өңірде балаларды оңалтудың 8 орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа балалар оңалту орталығы іске қосылды. Мұнан бөлек, патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Мұндай өзгеріс ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысында отбасыны жоспарлау кабинеттерінің жұмысы да жақсы әрі дұрыс жолға қойылған. Мұндай кабинеттердің негізгі мақсаты – аналар мен сәбилердің денсаулығын нығайту, бала саны мен туу мезгілін дұрыс жоспарлау, контрацепцияның заманауи әдістері арқылы әйелдердің тым ерте, кеш немесе жиі жүкті болуына жол бермеу, асқыну қаупі жоғары жүктілікпен босану санын азайту. Сол арқылы ана өлімі мен нәресте өлімін төмендетуге үлес қосу.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 177 мыңнан аса көпбалалы ана бар.  Оның ішінде 15 мыңнан астамы «Алтын алқа», 43 мыңнан көбі «Күміс алқа» иегері  атанып, отбасының базарын қыздырды. Тәлімді де, саналы ұрпақ өсіп жетілуіне аналық мейірімін төгіп келеді. Өңірде батыр аналардың легін  Жетісай және Сарыағаш ауданы бастап тұр. Сонымен бірге облыста 4661 ана І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған.