ЖЕТЕКШІ КЛИНИКАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЕНДІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАЛАЛАРЫ ҮШІН ДЕ ҚОЛЖЕТІМДІ

Еліміздің жетекші клиникаларының қызметі енді Түркістан облысы балалары үшін де қолжетімді бола түсті. Өңірде балалардың аяғына бұрын-соңды жасалмаған бірегей оталар істеле бастады. Бұған дейін тек Елорда мен Алматыда ғана жасалатын күрделі түзетулер енді Түркістанның өзінде де қолжетімді болмақ. Қазір еліміздің бас балалар ортопеді Ағабек Әлібекұлы бастаған мамандар ең күрделі патологияларды емдеуге кіріскен. Алғашқы операция аяғы […]

Еліміздің жетекші клиникаларының қызметі енді Түркістан облысы балалары үшін де қолжетімді бола түсті. Өңірде балалардың аяғына бұрын-соңды жасалмаған бірегей оталар істеле бастады. Бұған дейін тек Елорда мен Алматыда ғана жасалатын күрделі түзетулер енді Түркістанның өзінде де қолжетімді болмақ. Қазір еліміздің бас балалар ортопеді Ағабек Әлібекұлы бастаған мамандар ең күрделі патологияларды емдеуге кіріскен. Алғашқы операция аяғы жарымжан болып қалған 8 балаға жасалды.

– Сегіз баланың ішінде алтауы ДЦП-мен ауырады. Оталарды ДЦПның пралитикалық тобықтарының қисаюынан ақсай бастаған науқастарға жасаймыз. Өте күрделі операция,-дейді еліміздің штаттан тыс бас балалар ортопеді Ағабек Әлібекұлы.

Жылына еліміз бойынша жасалатын осындай 800-дей отаның төрттен бірі Түркістан аймағындағы бүлдіршіндерге істеледі. Үш күнге созылған шеберлік сағаты кезінде аяқтың өсу аймағын блоктау арқылы түзету әдісі тәжірибе ретінде көрсетілді. Осы операцияға қатысқан   травматология бөлімінің меңгерушісі Бекзат Мұхтарұлы:

– Қазіргі таңда 12 жасар қыз балаға аяғы Х тәрізді қисаюына байланысты өсу зонасына блоктау арқылы түзеу операциясын жасап жатырмыз. Мұндай операциялар негізі Түркістан қаласында алғаш рет жасалуда. Осы операцияларда науқастар көбінесе Астана, Алматы қаласына барып жасатып жүр. Енді операцияларды Түркістан қаласына енгізіп біз біліктілігімізді арттырып меңгеріп жоспарлап жатырмыз,-деді.

Мамандар емнің сәтті болуы тек отаға ғана емес, баланың психологиялық дайындығына да байланысты екенін айтады. Сондықтан мұндағы дәрігерлер мен орта және кіші буын медицина қызметкерлері әрбір бүлдіршінге ерекше жылулықпен, мейіріммен қарауға тырысады.

Түркістан облыстық балалар ауруханасы 18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін 3-деңгейдегі заманауи көпбейінді орталық саналады. Емдеу мекемесі 2024 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Беделді балалар ауруханасы» атағына ие болып, команданың жоғары кәсіби деңгейін растады. Ал, 2025 жылы медициналық ұйым медициналық көмектің ұлттық сапа стандарттарына сәйкестігін бағалаудан сәтті өтіп, сәйкестіктің жоғары санатын алған.

Аурухана 422 төсек орындық. Хирургия бөлімінде 224 науқас емделе алады. Педиатрия мен оңалту бөлімінде 198 орын жасақталған. Медициналық емдеу ісі  14 клиникалық бөлімшеде жүргізілуде.  Сондай-ақ 50 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Аурухананың инфрақұрылымы ұдайы жетілдіріліп,  мамандандырылған көмекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдері енгізілуде. Мәселен, 2025 жылы 20 332 науқас стационарды түрде жатып,  ем алған. Оның 55 пайызы ауылдық жердің тұрғындары. Бір жылдың ішінде барлығы 6 756 операция істелініп, 26 жоғары технологиялық тәсілдер жүргізілді. Ал, консультациялық-диагностикалық орталық 75 929 науқас балаға қызмет көрсеткен. Оның ішінде рентгенологиялық зерттеу, УДЗ және ЭФГДС тексерулері жасалған.

Ауруханада сондай-ақ туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтайтын неонатальды хирургияға да  ерекше назар аударылады. Өткен жылы 763 пренатальды консилиум өткізілсе, медициналық авиация желісі бойынша 728 бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған. Ал, 195 жаңа туған нәрестеге туа біткен кемістіктер кезінде шұғыл операциялар жүргізілді. Перинаталдық орталықтарда неонаталдық хирургтар 59 күрделі операция жасады.

Бүгінгі таңда Түркістан облыстық балалар ауруханасында денсаулық сақтау министрлігінің   “облыстық балалар ауруханаларын реновациялау”

жобасы  аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда науқастар  мен олардың ата-аналарына арналған жағдайды жақсарту үшін қолайлы күту аймағын бөле отырып, қабылдау бөлімшесін қайта құру жүргізілді. Және бейінді көмекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдері енгізілуде. Жобаны іске асыру өңір балаларына еліміздің жетекші клиникалары деңгейінде жоғары білікті медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыстық балалар ауруханасын жаңарту балалар мен жасөспірімдер үшін заманауи, қауіпсіз және қолжетімді медициналық орта құруға бағытталған. Жоба мекеменің инфрақұрылымын кешенді жаңартуды, озық медициналық технологияларды және медициналық персоналды енгізуді көздейді.

Жалпы ауруханада бүгінгі таңда 986 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 225 дәрігер, 438 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Тағы  200-і кіші буын медицина қызметкері. 124 дәрігер мен 208 мейірбикенің біліктілік санаттары бар.

Резидентура бағдарламасы бойынша аурухана есебінен ангиохирург және 3 анестезиолог/реаниматолог, нейрохирург, нефролог, жақ-бет хирургі оқытылып жатыр. 13 құзырлы орталық жасақталып, оқу-әдістемелік орталығы, госпиталды фармация бөлімшесі ашылды.

Түркістан облыстық балалар ауруханасын жаңарту – бұл өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және педиатрияның заманауи стандарттарын енгізуге бағытталған стратегиялық бастама болып отыр.