МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІ БОЙЫНША БИЫЛ ТАҒЫ 6 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Түркістан облысында қолға алынған ірі инвестициялық жобалар сәтімен жүзеге асып келеді. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – өңірдегі ең ауқымды өнеркәсіптік бастамалардың бірі саналады. Жалпы құны 146,6 миллиард теңге болатын жоба мақтаны өсіруден бастап, шкізатты өңдеу, одан дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезеңді қамтиды. Агротехнологиядағы озық әдіс-тәсілдер мен жасанды интеллект әлеуетін пайдаланудың […]
Түркістан облысында қолға алынған ірі инвестициялық жобалар сәтімен жүзеге асып келеді. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – өңірдегі ең ауқымды өнеркәсіптік бастамалардың бірі саналады. Жалпы құны 146,6 миллиард теңге болатын жоба мақтаны өсіруден бастап, шкізатты өңдеу, одан дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезеңді қамтиды. Агротехнологиядағы озық әдіс-тәсілдер мен жасанды интеллект әлеуетін пайдаланудың арқасында мақталық алқаптың гектарынан 60 центнер өнім жинауға мүміндік бар. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясы ретінде тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Кешен құрамына мақта өңдеу зауыттары, ПВХ құбырларын өндіру зауыты, тамшылатып суару жүйелерін шығару кәсіпорны, жіп иіру фабрикасы, тоқыма (мата) өндірісі, бояу-әрлеу фабрикасы және тігін фабрикасы кіреді. Жоба толық іске қосылғанда 4 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Өңірде мақта-тоқыма кластері дамудың тағы бір жоғары сатысын бағындырды. Өткен жылы іске қосылған кәсіпорын қазір өз технологиясын одан әрі жетілдіріп, жіптің мейілінше жіңішке иірілген түрін өндіруді бастады. Қазір мұнда тәулігіне осындай 30 тонна жіп иіріліп жүр. Кемі 6 түрлі өңдеуден өтетін өнім қазір Қытай халық республикасына экспортталуда. Бұған дейін дайындалып жүрген жіп салыстырмалы түрде жуанырақ. Бағасы да арзан. Мамандардың сөзінше, иірілген жіп неғұрлым жіңішке болса, соғұрлым қымбат саудаланады.
– Мұндағы жұмыс желтоқсан айында басталды. Содан бері мақтадан ай сайын 300 тоннаға жуық жіп алынды. Жақында жіңішке жіптерді дайындауды бастадық. Бір ай болмай, 100 тоннаға жуық өнім алдық. Зауыт қызметкерлері толықса, өнім көлемін тағы 2-3 есе арттыруды жоспарлап отырмыз,-дейді зауыт қызметкері Ли Женхя.
Бүгінде зауытта 270 адам жұмыс істейді. Бұл әзірге қажетті мамандардың жартысы ғана. Осы кәсіпорыннан тұрақты жұмыс тапқандардың бірі – Ержан Досжанов. Талай жылдық тәжірибесі бар электр маманы бұған дейін вахталық әдіспен өзге облыстарда еңбек еткенін айтады. Алайда, былтыр аяқ асты жұмыстан қысқартылып, көпұзамай осы жұмысқа қабылданған. Бүгінде өзімен қоса, ұлы да осы зауытта еңбек етеді. Кәсіпорын жұмысшысы: «Таңертең келгенде зауыттың ішіндегі мұздатқыш жол каналдары бар. солардың бәрін тексеріп, сүзгілерді тексеріп шығамыз. Одан кейін өзіміздің жұмысқа көшеміз. Бастапқыда айлығымыз 160-тан басталды. Кейін 180, 200, 220, 240, 260-қа жетіп қалды қазір. Екі ауысым бойынша автокөлікпен тасымал қосылды қазір» деген пікірін айтып, өндірістегі жұмысшылар үшін жасалып отырған жағдайға ризашылығын білдірді. Кәсіпорында келешекте алқаптардан терілген ақ алтыннан тоқыма өндірісіне қажетті жіп иіріліп қана қоймай мата тоқылып, одан төсек-орын жабдықтары шығарылады.
Өткен жылы өңірде осындай жалпы құны 100,1 млрд теңге болатын 5 ірі жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде 1760 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар Отырар ауданында да 32 мың гектар алқапқа былтыр озық технологияға негізделіп мақта егілді. Бұл өңірдегі агроөнеркәсіптік сектор мен жеңіл өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай серпін берді. Жобаны жүзеге асырып жатқан компания Қытайдың агроөнеркәсіптік индустрияландыру саласындағы ТОП-100 кәсіпорны қатарына кіретін «Zhongtai Group» құрамына кіреді. Компания мақта және тоқыма саласында толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға маманданған. Қазіргі таңда өндірістік кешенде еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Отырар ауданындағы мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшыларға арналған жатын орындар мен асханалар бар. Зауыт аумағында 4 жатақхана пайдалануға берілген, жұмысшылар күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Бүгінде кешенде 700-ден астам адам жұмыс істейді. Болашақта тағы да жаңа өндіріс орындары іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Облыс әкімімен болған кездесуде шетелдік инвесторлар жұмыс күшінің аздығын алға тартты. Осыған байланысты өңір басшысы жауапты тұлғаларға жергілікті колледж түлектерін жұмысқа тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мамандарды тегін оқыту үшін әкімдік тарапынан оқу гранттары бөлінетін болды. Жобалардың жүзеге асу барысын бағамдаған өңір басшысы:
– Маңызды жобалардың уақтылы әрі тиімді іске асуына қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алдағы жоспарларыңыз бен өзекті мәселелерді бірге пысықтаймыз. Мақсатымыз – толық циклді мақта кластерін дамыту, жаңа жұмысын орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту. Келісілген жобалар толық жүзеге асуға тиіс, – деді.
Шетелдік компаниялардағы еңбек заңдылықтары мен жұмысшылар құқығының сақталуы ұдайы бақылауда. Сондай-ақ, өндірісте техникалық және өрт қауіпсіздіктерінің сақталуы, әлеуметтік-еңбек қатынастарының жағдайын саралау, еңбек жағдайын талдап, жұмыс күшін бақылау ісі де жіті тексеріліп тұрады.
Түркістан облысында биыл жыл соңына дейін жалпы құны 46,5 миллиард теңге болатын 6 жобаны іске қосу жоспарлануда.