ТҮРКІСТАНДА ОФТАЛЬМОЛОГИЯ БӨЛІМІ АШЫЛДЫ

Түркістан қалалық орталық ауруханасында медицинадағы замануи әрі озық әдістермен көз аурларын емдейтін жаңа офтальмология бөлімі ашылды. Бұған дейін травмотология құрамында болған емдеу құрылымы енді мамандандырылған орталық деңгейіне көтерілді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа бөлімше 16 орынға шақталған.  Дербес бөлімше өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ Түркістан қаласы мен […]

Түркістан қалалық орталық ауруханасында медицинадағы замануи әрі озық әдістермен көз аурларын емдейтін жаңа офтальмология бөлімі ашылды. Бұған дейін травмотология құрамында болған емдеу құрылымы енді мамандандырылған орталық деңгейіне көтерілді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа бөлімше 16 орынға шақталған.  Дербес бөлімше өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ Түркістан қаласы мен оған іргелес аудандардың тұрғындарына МӘМС жүйесі аясында тегін, сондай-ақ жоспарлы және шұғыл офтальмологиялық көмек көрсетуге  жағдай туғызады.

Жаңа бөлімде көздің кең таралған ауруларын анықтау және емдеу ісі толық көлемде жүргізіледі. Атап айтқанда, катаракта, глаукома, қылилық, птеригиум секілді жиі кездесетін патологияларға заманауи диагностика мен емдеу әдістері қолданылады. Сонымен қатар, хирургиялық емдеу түрлері де кезең-кезеңімен енгізіліп, пациенттерге жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету жоспарлануда.

Көз жанары нашарлап, дертіне шипа іздеп келген жандар бұл жерге жоспарлы түрде де, шұғыл жағдайда да қабылданады. Мұнда тәжірибелі офтальмохирургтар заманауи құрылғылардың көмегімен күрделі ота түрлерін жасай береді. Сондай-ақ, көру қабілетінің деңгейін, көзішілік қысымды анықтау үшін соңғы үлгідегі биомикроскоп пен тонометрлердің мүмкіндігін қолданады.

Қазіргі уақытта елімізде 56 мыңнан астам адам су қараңғы соқырлықпен тіркеуде тұр. Мамандардың айтуынша, ем қабылдаушылардың басым бөлігі дәл осы диагнозбен келеді. Бөлімшенің қызметін алу үшін  ең алдымен емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет дейді мамандар. Айтуларынша, тексерулерден кейін офтальмолог дәрігер емдеу тәсілін анықтайды.  Айта кету керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көз жарақаттары, глаукома, катаракта және басқа да медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.

«Біз қоршаған ортадағы ақпараттың 90%-ға жуығын көзбен қабылдаймыз. Бүгінде техника мен технологияның дамыған заманы болғаннан кейін адамдардың басым бөлігінің көздері нашар көреді. Осы орайда біз көз аурулары, оны емдеу жолдары, көз гигенасы, көз массажы мен көз жанарын қалай жақсартуға қатысты мәліметтерді ұсынып отырамыз. Таңертең тұрғанда бетіңізді жуумен қатар, көзге сабын түсірмей жуу керек. Қазір кірпік жалғап алып, ол кірпігі түсіп қалады деп кейбір қыздар көздерін дұрыстап жумайды. Ол гигиенаға жатпайды және көздің жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан көз жанарын ерекше қорғауға кеңес беремін. Көз гигиенасымен қатар көру гигиенасы бар. Көз бұлшықеттеріне күш түсірмеу керек. Бүгінде техника мен технологияның дамыған заманы болғандықтан, біз күні бойы компьютермен жұмыс істеп, смартфонды пайдаланамыз. Содан көзіміз шаршайды, бұлыңғырланып ауыра бастайды»,- дейді Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының офтальмолог-дәрігері Майра Еркінқызы.

Еліміз бойынша былтыр мыңнан астам нәрестеден көз ауруы анықталған. Азматтардың қауіпті дерттің құрығына ерте жастан ілігіп жатқаны мамандарды алаңдатып отыр. Бұрын миопия диагнозы 6-7 жасар өрендерде анықталатын. Қазір жасы 2-3-тен енді асқан бүлдіршіндер де осы ауруға шалдығуда. Салдарынан көзілдірік тағуға мәжбүр болған балалар саны көбейген. Сағаттап смартфон көру көз жанарының солғын тартуына әкеп соқтырады. Былтырдың өзінде дәл осындай диагнозбен 12 мыңнан аса жеткіншек маман көмегіне жүгінген. Бұл тұрғыда «Қазақстан офтальмопедиатрия бойынша сараптамалық кеңес жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Кәмилә Кенжебаева қазіргі ахуалға кеңінен тоқтала келіп:

– Біз осыдан 5 жыл бұрын зерттеу жүргізгенбіз. 2050 жылға қарай балалардың 50 пайызы көз ауруларына шалдығады. Яғни мектеп жасындағы әрбір екінші бала көзілдіріктің көмегімен ғана оқуып, көре алатын жағдайға жетеді. Бұл жағдайдың алдын алу үшін әр түрлі шаралар, скринингтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай бұл шаралар барлығын бірдей қамти алмайды,-деп ой қорытты.

Көру қабілетінің төмендеуіне жастан бастап, жасамысқа дейін  ілігуде. Әдетте 60 жастан асып егде тартқан кезеңде пайда болатын катаракта, гаукома сырқаттары бүгінгі таңда 40-45 жас аралығында азаматтар да жиі кездесетін болды.

Көздің кеселі осылай асқынып тұрған шақта Түркістанда офтальмология бөлімінің ашылуы  тек медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың уақытын үнемдеуге, асқынулардың алдын алуға және көру қабілетін сақтауға зор үлес қосады. Бұл өз кезегінде халық денсаулығын нығайту мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралардың бірі болып табылады. Білікті мамандар мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін жаңа бөлім өңір медицинасының дамуына серпін беріп, пациенттерге қолайлы жағдай жасауды көздейді