ТҮРКІСТАНДА 7 ІРІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЕМДЕУ ОРНЫ САЛЫНУДА

Түркістан облысында 2025-2026 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында  7 ірі медициналық емдеу мекемесі салынуда. Оның алғашқысы Түркістан қаласындағы 570 орынға лайықталған көпбейінді аурухана. 15,63 гектар аумақты алып жатқан нысан құрылысы түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде жүргізіліп  жатыр. Жоба жетекшісі Акай Булуттың мәлімдеуінше, бүгінде аурухананың құрылысы 87 пайызға аяқталған. Жоспар бойынша 2026 […]

Түркістан облысында 2025-2026 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында  7 ірі медициналық емдеу мекемесі салынуда. Оның алғашқысы Түркістан қаласындағы 570 орынға лайықталған көпбейінді аурухана. 15,63 гектар аумақты алып жатқан нысан құрылысы түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде жүргізіліп  жатыр. Жоба жетекшісі Акай Булуттың мәлімдеуінше, бүгінде аурухананың құрылысы 87 пайызға аяқталған. Жоспар бойынша 2026 жылдың  төртінші тоқсанында құрылысты бітіру көзделіп отыр. Бүгінгі  таңда, ғимарат қаңқасы түгелдей тұрғызылған, ішкі әрлеу және еденін төсеу жұмыстарының 70 пайызға жуығы орындалып қойған. Сондай-ақ сумен жабдықтау желілері мен кәріз жүйесі де салынып бітуге таяу. Электр желілерін тарту ісінің жартысынан астамы орындалған.

Өңірде сондай-ақ Сарыағаш перинаталдық орталығы да бой көтеріп келеді.  Перзентхана Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  салынуда. Жоба бойынша денсаулық сақтау саласындағы бірегей оператор «Turar Healthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен 3 кезеңі бойынша, яғни, жер телімінің орналасуы мен медициналық құрал-жабдықтар тізбесі, эскиздік жоба мен технологиялық бөлімдерін келісу бойынша келісімшарттар жасалған. 300 орынға лайықталған медициналық мекеме 10 жарым гектар аумақты алып жатыр. Медициналық кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Нысанда салудағы мақсат пен оның маңыздылығы:  Түркістан облысының оңтүстік аудандарында бүгінде 1 миллионға жуық халық тұрады. Сарыағаш, Келес, Мақатарал, Жетісай мен Шардара аудандары демографиялық өсімі аса жоғары аймақтар саналады. Сондықтан да заманауи перзентхана осы аудандардың халқына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туғызады.

Сондай-ақ биыл жыл басында Ордабасы ауданында да заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл – болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында салынып жатқан медициналық мекеме  заманауи жабдықтармен қамтылған, білікті мамандар жұмыс істейтін перинаталдық орталықтар желісін қалыптастыруды мақсат етеді. Құрылысқа «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі тапсырыс берген. Жоспар бойынша, перинаталдық орталықтың құрылысы 2028 жылы аяқталуы тиіс.  Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады, ал нысан 8 гектар аумақта бой көтермек. Жобаның жалпы құны  45,8 миллиард теңге.

Орталық пайдалануға берілгенде Ордабасы ауданы ғана емес, көршілес аудандар мен елді мекендердің тұрғындары да жоғары деңгейдегі перинаталдық медициналық қызметке қол жеткізеді. Ең бастысы – ана мен бала денсаулығын қорғау нығайып, күрделі жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектің сапасы арта түседі.

Жалпы, өңірде өткен жылы 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде орналасқан  8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 22 медициналық пункт іске қосылды. Одан бөлек, биыл тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңғырту мақсатында Сайрам аудандық орталық аурухана мен Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасына, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Өңірдегі медициналық мекемелердің жай-күйі жаңарумен бірге өткен жылы бірқатарының материалдық-техникалық базасы да жақсарды. Осы мақсатта медициналық ұйымдарға 2 560 дана заманауи медициналық құрал-жабдық сатып әперілді.  Оның ішінде МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар бар. Сонымен қатар, жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі алынды.  Ал мектеп медицинасын дамыту аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді.

Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағында өлім-жітім деңгейі 2,5%-ға төмендеп отыр. Мұнан бөлек  ана өлімі 32,4%-ға азайса, нәресте өлімі 8,6%-ға, ал бала өлімі 7,7 %-ға кеміген. Бұл өңірде медициналық қызмет сапасының анағұрлым өскенін дәлелдейді.

Тағы бір тың жаңалық   2026 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де бірқатар өзгерістер енгізіледі. Соның бірі –  «Бірыңғай медициналық көмек пакеті».  Оның аясында онкологиялық скринингтер, әлеуметтік мәні бар 8 ауру түріне байланысты азаматтардың бойында науқас белгілері байқала бастаған кезеңнен бастап  т КТ және МРТ анализдері тегін жасалады. Амбулаторлық диализ және созылмалы аурулар бойынша медициналық көмектер қолжетімді болады.

Өңірде дәрігер мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуге байланысты да нақты шаралар атқарылуда. Бүгінгі таңда Түркістан өңіріне  259 бейінді дәрігер жетіспейді.  Оны мәселені шешу үшін 2023 жылдан бері дәрігерлерді резидентурада даярлау үшін жергілікті қазына есебінен 251 грант бөлінген. Соның арқасында 31 дәрігер Ресей мен Түркия елдерінде біліктіліктерін арттырды.