«ОРДАБАСЫ» – ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫНЫҢ ИЕГЕРІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Оңтүстік футболының мақтанышына айналған «Ордабасы» командасы  Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. «Астана -Аренада» өткен финалдық кездесуде олар «Ақжайық» клубын 5:4 есебімен  жеңіп, кубогын қолдарына көтерді.  «Ордабасы» мұндай құрметке араға 11 жыл салып қайта ие болды. 

Ойынды батысқазақстандық футболшылар сәтті бастады. Матчтың 11-минутында «Ақжайық» командасы қарсыластар қақпасына екі гол салып, ойын тізгінен бірден қолдарына алды.  Голды Завен Бадоян (жетінші минут) пен Том Табатадзе (11-ші минутта) соқты. «Ордабасы» тек  арадағы 15 минут уақыт өткенде барып,  Самат Шәмшінің торға дәл бағыттаған голымен есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды.   Екінші таймда Всеволод Садовскийдің қақырата тепкен добы (51 минут) есепті 2:2-ге теңестірді. Алайда, көп ұзамай Ақжайық тағы екі гол соқты. Гол авторлары Табатадзе (67 минут) мен Илья Коваленко (73 минут). Ойынның 76-минутында «Ордабасы»  ойыншысы Максим Фединнің қақпаға дәл бағыттаған соққысының арқасында есеп  4:3 болды. Ал ойынның негізі таймы аяқталуға санаулы секундтер алған кездегі  Луис Гуедестің соққысы шымкенттіктерді жеңілістен құтқарып қалды – 4:4. Қосымша уақытта, 119-минутта пенальтиді голға айналдырған Эльхан Астанов «Ордабасыға» жеңіс сыйлады. Ресми статистика бойынша «Ордабасы» командасының  футболшылары  ойын уақытының 62 пайызында допқа иелік еткен.

Аса тартысты өткен финалдық кездесуду шымкенттіктер орталық алаңдағы лэд экраннан тамашалады. Ойынға  жанкүйер болған шымкенттіктер оларды ертеңіне әуежайдан құрметпен күтіп алды. Жеңімпаздарды  қала әкімінің орынбасарлары мен «Ордабасы» футбол клубының президенті көпшілік алдында құттықтап, Қазақстан кубогын табыстады.

– Кешегі ойында Астанаға барып көре алмаған соң «Рахима Плазаға» барып, үлкен экраннан тақымымызды қысып отырып көрдік. Ойынның тартысты болғаны соншалық эмоцияға толы болды. Бұл жеңіс  Қазақстанның спорты дамығанын көрсетеді.  Шымкент үшін де, еліміз үшін де мәртебе, үлкен жетістік!дейді ойынға жанкүйер болған Шымкент қаласының тұрғыны Асан Сәмет. 

 «Ордабасы» бүгінде еліміздегі ойыншылары жас команда саналады. Футболшылардың орта жасы 22-де. Сондықтан да болар жас құрамның ойыны бөлек. Өрнегі өзгеше. Тағы бір ерекшелігі шаршы алаңда теңбіл доп теуіп жүрген 25 футболшының 17-сі қазақ жігіті.

Осылайша, Қазақстан кубогын екінші рет жеңіп алған «Ордабасы» 2023-2024 жылғы футбол маусымында өтетін Еурокубок ойындарына қатысатын болды.