АСЫЛТҰҚЫМДЫ ҚҰСТАРДЫҢ ЖӘРМЕНКЕСІ ӨТТІ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданының орталығы Абай ауылында өткен жәрмеңкеге Түркістан облысының аудандарынан, сонымен қатар, Шымкент, Тараз қалаларын да қонақтар келіп қатысты. Жәрменкені «Челкар» кептерлерге қызығушылар клубы ұйымдастырды.

Жәрмеңкеге қатысушы Қаңлыбай Жанжігітов құс өсіруді өзінен үлкен ағаларынан үйреніп, онысы кейіннен сүйікті іске, хоббиге айналған. Жасы 60-тың асқарына шыққан жігіт ағасы ауласындағы шағын ғана құс қорасында 30-ға жуық кептерді баптайды. Әрқайсысына мейрімін төгіп, баласындай мәпелейді. Өйткені, құстың бұл түрі басқаларына қарағанда сезімтал келеді екен.

– Бұл хобби. Кейбіреулер ит, мысық ұстағанды ұнатады. Ал менің сүйікті ісім осы. Көгершіндердің барлығы мені біледі, өздеріне жақын тартады. Арамызда сөзбен жеткізе алмайтын байланыс бар. Күтімі де ерекше. Жұрттар секілді есік алдындағы жеріме егін екпеймін. Осылардың жайылуына жағдай жасап, жүргенін көріп демаламын. Сондай-ақ, кептер бағуды тек хобби ғана емес, пайдалы істердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, бұл қанаттылардың бағасы бес мыңнан, жиырма мыңға жетеді екен. Құстарды сатамыз, сатып аламыз, немесе айырбатаймыз, – дейді құсбегі Қаңлыбай Жанжігітов.

Құстар жәрменкесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Жәрмеңкеде Түркістан облысының әр аймағынан келген құс баптаушылар бір-бірімен танысып, құстарға күтім жасау, азықтандыру, олардың тегін жақсарту ісіндегі өз тәжірибелерін ортаға салды.

Жәрмеңкеге әкелінген кептерлердің барлығы да асылтұқымды. Сондықтан, көпшілік назарына ұсынылған кептерлердің ең арзаны 10-15 мың теңге шамасында болса, аса тектілері 100-200 мың теңгеге бағаланды.