АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Халық үшін аянбай еңбек етіп, білікті басшы, өрелі тұлға атанған,  Алаш аманатына беріктік танытқан Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл. Осыған орай Шымкентте оның мұрасы мен тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өтті.                                                            

Біліктілік пен зиялылық, тазалық пен адалдық және халқын шексіз сүю. Ел  тізгінін ұстаған азаматтың бойында осындай үш қасиет болуын өсиеттеген Асанбай Асқаров басшылық қызметте осы ұстанымына берік болды.  Оның бұл қасиеттері Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып тұрғанда да өзгерген жоқ. Үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда Асқаровтай ерен тұлға елдің қасиетін, жердің қадірін кемел жүрекпен сезініп, өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті.

Ол Оңтүстік Қазақстан өңірін басқарған жылдары елімізде өндірілетін фосфор, цемент, өсімдік майының тек жартысынан астамы Шымкентте шығарылды. Сондай-ақ пресс автомат станоктары мен шина жасау, мақта өсіру түгелдей өңір үлесінде болды. Облыста 180-нен астам өндіріс орны тоқтаусыз жұмыс істеді.

Асанбай Асқаровтың басшылығымен Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеді. Одақ көлемінде теңдесі жоқ дендросаябақ  салынды. 140 гектар дендросаябақта Европа, Америка, Орталық және шығыс Азияда сирек кездесетін ағаш түрлері әлі күнге жайқалып өсіп тұр. Зообақ, балалар темір жолы, атшабар секілді әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Алаш рухты азаматпен қызметтес болғандар оның іскерлік қасиетімен бірге адами болмысының да биік болғанын айтады.

          Іскерлігімен, адами болмысы, кісілік келбетімен көпке үлгі болған Асқаров шығармашылықта да өзіндік қолтаңбасын қалдырған дара тұлға.  Оның әдебиет мен ғылымдағы еңбектері «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» кітаптары арқылы бүгінге жетіп отыр.

         – Бұл кісі тек басшы емес, ақын да, жазушы да, суретші де, тарихшы да. Қайбір сала болмасын  өз деңгейіне жеткізіп, барлығын  айтатын тұлға,- дейді Асанбай Асқаровқа 1982-1984 жылдар аралығында көмекші болған Жеңісбек Мәуленқұлов.

         Конференцияда сөз сөйлеген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері мұндай жиын тарихтан тағылым алып, болашаққа нық қадам жасауға арналған бағдаршам боларын айтып өтті. «Асанбай Асқаров есімі – шымкенттіктер үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін алтын әріппен жазылған есім. Тау тұлғаның өмір жолы мен жасаған еңбегі ұлт жадында мәңгі сақталмақ»,-деді олар.

Ақиқатшыл  адалдығымен, биік пайым парсатымен ел есінде қалған тұлғаны ұлықтау  жыл соңына дейін жалғасын таппақ.