АУЫЗ СУ, ЭЛЕКТР, ТАБИҒИ ГАЗ ЖҮЙЕСІМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Биыл Шымкенттегі Әл-Фараби ауданының тұрғындары ауыз су, табиғи газ, сапалы электр желісімен 100 пайыз қамтылады. Бұл туралы қалабасының халықпен есепті кездесуінде аудан әкімі Рашид Мыңбаев айтты.

Шымқаланың өткені мен бүгінін жалғаған Әл-Фараби ауданында 207 мың тұрғын қоныстанған. Ауданда 15 елдімекен бар. Барлық елдімекен ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда Текесу тұрғын алабында су құбырын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыс жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауданды сапалы электр желісімен қамту жағдайы да биыл 100 пайыздық көрсеткішке жетеді. Өйткені өткен жылы Сәуле шағын ауданындағы 276 орамда басталған құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталады.

2021 жылы аудан тұрғын алаптарын табиғи газбен қамтыу көрсеткіші 99,5 пайыз болса, бұл жылы толығымен қамтылады. Қазіргі таңда Ақтас-2 және  «Сәуле» шағын ауданы 276 орамда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 87 пайызға жеткізу үшін қазір Шолохов  және Хлопзавод көшелерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 2023 жылы «Түркістан» және «Ақжайық шағын аудандарында құрылыс басталып, «Химфарм»,  «ТҮРКІСТАН», «ХИМФРАМ» шағынауданы  барлығы 4252 ХАЛЫҚ немесе 1052 АБОНЕНТке кәріз жүйесін тарту үшін жобалық сметалық құжат әзірленбекші.

Аудандағы 404 көшенің 124-і жарықтандырылған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 22 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 17 көшенің жарықтандырылуы жоспарда тұр.

Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін аудан 7 секторға бөлінген. Мұнда ішкі орамдық көшелер аптасына 2 рет, 172 қоқыс жәшігі күніне 3 рет, 425 қоқыс жәшігі күніне 2 рет, көп қабатты тұрғын үй аулалары аптасына 4 рет қоқыстан тазартылады.

Көгалдандыру  және жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында биыл 6 ай көлемінде 1750 дана ағаш қырқылған, 11 420 ағаш әктелген, 100 413 дана гүл және 3300 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 180 мың түп гүл, 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.