АҒАЛАРДЫҢ ЖОЛЫ КЕЙІНГІГЕ ҮЛГІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Жастық шағында әскерде болып, ел қорғаған азаматтар енді  ұрпақ тәрбиесіне көмектеседі. Шымкент қаласында шетелде әскери қызмет атқарған азаматтардың «Мұрагер» деп аталатын қоғамдық бірлестігі құрылып, іске кірісті.  Жастық шағында ел қорғаған азаматтар енді  қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы көгалдандыру ісіне қолғабыс етпек. Ең бастысы балаларды патриоттық рухта тәрбиелеуге  үлес қоспақшы.

Әубәкір Таштаев 1977-1979 жылдар аралығында әскери борышын Моңғолияда өтеген азамат. Білімді, талапты әрі ширақ бозабала зенитті артилерия полкының байланыс бөлімшесінде командир болған. Шымкент қаласындағы №31 мектептің оқушыларымен емен жарқын әңгімелескен ол өз қаруластарымен бірге білім ұясының ауласына  50-ге тарта  ағаш көшетін отырғызды. Енді осы іске атсалысқан әрбір жас өзінің еккен ағашына күтім жасайды.

         – Жасыл аймақта, жақсы таза ауада, жақсы жемістің астында өскен бала келешекте патриоттық рухта  жетіледі. Мәдениетті, салауатты ұрпақ болып қалыптасады деп ойлаймын. Оның үстіне бұл істеп жатқан тірлігіміз ұрпақ сабақтастығының жалғасы дер ем. Бүгін ағаштарды біз егіп бергенімізбен, ертеңгі күні оларды осы балалардың өзі күтіп баптайды,-дейді шетелдерде бейбітшілік шарты әскери тобы ардагерлері «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің  мүшесі Әубәкір Таштаев

         Бірлестік мүшелері мұнан соң оқушылармен кездесті. Қамқорлық, ізгілік қасиеттер. Мектеп пен ұстазға, үлкендерге құрмет. Ата-ананы ардақтау. Отанды сүю. Осы тақырыптар әңгіме арқауы болды. Аға буын өкілдері өмірлік тәжірибесін, көкейде пайымды ойларын айтты. Кездесуден үлкен әсер алған 7 сынып оқушысы Жантөре Айтуған «Ер адам епті болуы керек. Спортпен айналысуы керек. Жастақ шағынан бастап бойында осы қасиеттерді сіңіре алса қайсар, ержүрек, отаншыл мықты азамат болады. Мен осыны түсіндім аталардың сөзінен» дейді.  

          «Мұрагер»  бірлестігінің құрамында 2 мыңнан астам азамат бар. Олар кезінде Куба, Монғолия, Германия, Ветнам секілді елдерде бейбітшілік шарты бойынша  әскери борышын өтеген. Ұйым енді мектеп оқушылары және жоғары оқу орны студенттерімен түрлі шаралар өткізуді жоспарлап отыр.  «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Үсенбатыр Арзықұловтың айтуынша алдағы кезде          жастарды кейінгі шыққан қару жарақтармен таныстырмақ. Қаруды шашып-жинауды үйретпек. Сондай-ақ мектепаралық жарыстар эстафеталық жарыстар, ойындар өткізу жоспарланып отыр.

          «Мұрагердің» мүшелері студенттермен де  кездесті. Олармен бірге, «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қойды. Бабалар ерлігіне тағзым етті.