«БАСТАУ БИЗНЕСТЕН» БАСТАЛҒАН КӘСІП

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдай қарастырылған. Бүгінде мемлекетіміздің азаматтары арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көре бастады. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті.

Шымкенттік Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында өзінің шағын кәсібін бастағандардың бірі. Қазіргі таңда кәсіпкер аяғы ауыр аналарға арналған жастық тігіп жатыр. Егер миллионды қаладағы бала туу көрсеткішінің жоғары екенін есепке алсақ, бұл  үлкен сұранысқа ие зат екені белгілі. Сондықтан да тігіннен хабары бар Сәуле жүкті аналардың денсаулығына қажетті жастық тігуді бастағанда ісінің берекетті болатынына сенімді болды.  Аз уақыттың ішінде-ақ бәсекеге қабілетті боп шыға келді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі екенін айтып шағымданатын жан емес. Адамдарға қуаныш сыйласам деп еңбектенеді..

– Кезінде «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз отырып қалдым. Бүгінде қарап отыруға болмайды ғой. Мүмкіндік көп. Тек іздену керек. Ізденістің арқасында осы істі тәуекелмен бастап едім, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар, – дейді С. Құдайбергенова.

Ал, 27 жастағы Лаура Шонықбайдың жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз  ретінде тіркеліп, сәуір айында мемлекеттік грантқа үміткер ретінде жастар санатымен (29 жасқа дейін) құжат өткізген. Оның кондитерлік өнімдер дайындау бизнес жоспары комиссиядан сәтті өтті. Көп ұзамай тиісті грант  тағайындалып, кәсібін бастады.

— Мемлекеттің осынау қолдауы — кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен мотивация. Қармақ берді, ары қарай алып кету әркімнің өз қолында. Шын ниеті бар адам кез-келген істі алып кетеді. Оған сенімдімін. Қиындықтар болмайды емес, болады. Оны жеңетін бір-ақ нәрсе бар. Ол — еңбек, – дейді Лаура Шонықбай.

2022 жылы Шымкентте  барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған болса, бірінші кезеңде (сәуір айы) 225 азаматқа грант тағайындалған.