ГАУХАР АНА КЕСЕНЕСІ МАҢЫНДА САПАР ОРТАЛЫҒЫ БОЛАДЫ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гаухар ана кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығының құрылысы басталды. Бұл жөнінде “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің фейсбуктегі ресми парақшасы бөліскен.
Гаухар ана кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығы 1,25 га аумақты қамтиды. Құрылыс аумағы – 683,68 шаршы метр, көгалдандыру аумағы – 8758,27 метр. Гаухар ана кесенесіне келушілер мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған сапар орталығында ақпараттық орталық, қонақ үй, автотұрақ қарастырылған. Құрылыс мерзімі 6 айға жоспарланған.
Гауһар ана кесенесі – Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір тас жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан.
ХІІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гаухар ананың кесенесі тарихи архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі ретінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тізіміне алынған. Гаухар ана кесенесіне зияраттап келушілердің қатары мол. Қасиетті де тарихи орынға тек Қазақстан ғана емес Өзбекстан, Түркия,Қырғызстан сынды көптеген елден туристер келіп, әзіз ананың басына тағзым етеді.