ЖАЙЛЫ АЯЛДАМА, ЖҮРДЕК КӨЛІК

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы секілді ірі мегаполистер үшін қоғамдық көлік-күретамыр. Ал, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау аса маңызды іс. Осы мақсатта Шымкент қаласының көшелеріне заманауи үлгідегі аялдамалар орнатылып жатыр.

Шаһарда бүгінде жалпы  саны 1 мың 886 аялдама орны бар. Оның 1444-і павильонмен қамтылған. Енді  2025 жылға дейін шаһардағы қоғамдық көлік күтетін 900 орын  жаңа үлгідегі аялдамаларға айналмақ.  Өткен жылы 260 аялдама орнатылса, биыл 150 орын жаңа павильонмен қамтылады. Кейінгі жылдары 300 аялдамадан орнатылатын болады. Бір аялдамаға орта есеппен қазынадан 8 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Осылайша, жаңа үлгідегі аялдамалар үлесі 83,2 пайызға жетеді дейді салаға жауапты мамандар.

Жыл басында қала аумағына екі жаңа «Smart» аялдама орнатылған  болатын. Кондиционері бар, қаланың картасы мен маршрут бағыттары көрсетілген тақтайша орнатылған, іші тегін интернетпен қамтылған жайлы аялдамалар заман талабына сәйкес болып отыр.

Биыл Шымкенттегі ескі аялдамалардың 178-і жаңартылды. Оның ішінде Қ. Төлеметов, Ізгілік, Патеев, Желтоқсан, Исмайлов, Жібек жолы сияқты бірнеше көшелер мен Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би даңғылдары бойындағы аялдамалар бар. Барлығы жаңа үлгіде соғылған. Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылған аялдамалар шыныдан жасалған. Қоғамдық көлікпен жүретін көпшілік үшін барлық жағдай  қарастырылған.

Сондай-ақ, биыл қаланың шалғай елді мекендеріндегі 326 орынға орталық көшеден босаған аялдаманы демонтаж жасап, қайта орнату жоспарлануда. Қолданысқа жарамды ескі аялдамалар қалаға іргелес жатқан елді мекендерге: Жыланбұзған, Маятас пен Қарабастау тұрғын алаптарына орнатылуда.

Сондай-ақ, мегаполисте қоғамдық көліктердің паркі де жаңарып келеді. Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 1000 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 876 автобус жолаушыларды тасымалдап жүрсе, қалғаны резервте тұрады. Биылғы жылдың қыркүйек айында шаһардағы  әлеуметтік мәні бар № 55 және № 149 бағыттар жаңа 6 автобуспен толықты. Сонымен қатар Қайнарбұлақ тұрғын алабына  қатынайтын №149 бағытқа да 4 бірлік автобус қосылып, аймаққа жалпы 10 автобус жүретін болады.  Бағыттардың ара қашықтығы  27 минуттан 15 минутқа қысқарған.

Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен 10 көлік компаниясы  айналысады.  Олар: «Shymkent-Bus», «T-Bus», «Автоимпульс», «MAN-Оңтүстік», «М и Р и Со», «ТТК», «Радуга транспорт», «Санжар-Моторс», «Абдуганиев» және «Автокомбинат №4». Олар 78 тұрақты  бағыт бойынша қала тұрғындарына қызмет көрсетеді,