ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР НЫСАНАЛЫ БАҒЫТТА ОҚЫТЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы орта арнаулы оқу орындарында кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрлар нысаналы бағытта даяраланатын болды. Бұл мақсатта кәсіпорындар  колледждермен өзара келесімшарт жасасып, өз базасында студенттердің  іс-тәжірибеден өтуін ұйымдастырады. Және одан кейінгі мерзімде оларды жұмысқа  орналастыру бойынша міндеттеме алады. Осыған сай мемлекеттік тапсырыс бойынша кадр даярлайтын 23 колледждің тізімі бекітілді. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Шымкент қаласы бойынша биылғы 2022-2023 оқу жылына барлығы 12 мың 137 талапкерді орта арнаулы  оқу орындарына қабылдау көзделіп отыр. Оның 1 мың 52-і педагогикалық бағытта, 717-і өнер және мәдениет бағытында, 1 мың 143-і медициналық бағытта, 9 мың 252-і технкиалық, технологиялық және қызмет көсрету бағытына бөлініп отыр. Білім беру  деңгейлері  бойынша  жұмысшы мамандықтар 38 пайызды, орта буын мамандықтар 60 пайызды, қолданбалы бакалавр 2 пайызды  құрайды. Білім негізі бойынша 11 сынып  негізінде  3 158 ,  9 сынып негізінде – 8 979 бала білім алатын болады.

Биыл Шымкент қаласы әкімдігі білім басқармасына қарасты 37 колледжде 25 маусымнан талапкерлерден құжаттар қабылдау басталды. Оның ішінде, мемлекеттік тапсырыс негізінде 71 мамандыққа, 192 біліктілік бойынша құжаттар қабылданады.

Құжаттар Egov.kz электронды үкімет порталы (www.egov.kz) және «CollegeSmartNation» ақпараттық жүйесі арқылы (www.college.snation.kz) қабылданады.

Конкурсты өткізу кезінде ақпараттық жүйе автоматтандырылған түрде міндетті және бейінді пәндердің орташа конкурстық балына автоматты түрде бөлу арқылы, педагогикалық, медициналық және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға міндетті және бейінді пәндердің орташа балы бойынша және қабылдау квотасын ескере отырып, колледж өткізген арнайы шығармашылық емтихандардың нәтижелері бойынша алынған бағалардың орташа балы бойынша есептеу жүргізеді.

Басқарма басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша биыл кәсіпорындардың тапсырысы негізінде Шымкент қаласы бойынша   1 мың 434 талапкерді қамту жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін нысаналы грант бойынша 152 кәсіпорыннан өтінімдер келген.