ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІК АЗАЯДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында әлеуметтік гысандармен қатар жаңа салынған бірқатар кәсіпорындар жұмысын бастады.  Мемлекет басшысының тапсырмасы және қолдауымен елімізде ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ алюминий банкаларын шығаратын ірі кәсіпорын іске қосылды.

Зауыттың  ашылу салтанатына  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, лентасын қиды.  «QAZALPACK» компаниясы – Шымкентте сусын түрлерін өндіруші кәсіпорын.   «Оңтүстік» индустриялық аймағында  орналасқан бірегей жобаның жалпы аумағы 20 мың 000 шаршы метрді құрайды. Кәсіпорын жылына 600 миллион  альюминий банка шығаруға  қауқарлы. Отандық тауар Қазақстан нарығын қамтып қана қоймай,  экспортқа  шығуға бағыт алып отыр.

– Алюминий экологияға зиянсыз, пайдасы – мұндай құтыны бір емес, бірнеше рет өңдеп өндірістен қайта шығаруға және оны қайтадан пайдалануға болады,-дейді компания өкілдері.

Кәсіпорында енді газдалған және газдалмаған, төмен алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған түрлі көлемдегі, оңай ашылатын қақпағы бар алюминий банкалар шығарыла бастайды.  Зауытта  145 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Шығарылған тауар келешекте елімізге келетін осы өнімнің импорттық баламасының 60 пайызын алмастырады. Мегаполисте экономиканың қуатын арттыратын әрі импортқа тәуелділігін азайтуға септігін тигізетін осындай бірегей жобаларды жүзеге асыруға айырықша мән беріліп отыр.

Шымкент қаласында келер жылы тағы бір индустриалды аймақ  іске қосылады. «Бозарық» деп аталатын өндірістік алаңда негізінен тамақ өнеркәсібі және ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар салынады.   Мұнда  23 миллиард теңге болатын 21 жоба жүзеге асқалы отыр.  Нәтижесінде 1 мың 500 адам тұрақты жұмысқа орналасады.  Индустриалды аймақтың жалпы аумағы 133 гектар. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Ауыз су жүйесі мен электр желісі тартылуда.  Бұл жұмыстар келер жылы толық аяқталатын болады.

Айта кетейік, индустрияландыру картасы шеңберінде Шымкент қаласында биыл 17 жобаны іске асыру жоспарланды. Нәтижесінде аймақ экономикасына 40 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 758 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін оның 5 жобасы іске қосылды.  385 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жалпы, жыл басынан бері шаһар экономикасына 131,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың  осы мерзімімен салыстырғанда 29,9 пайызға көп. Шымкентте 2022-2025 жылдар аралығында 242 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр.  Соның нәтижесінде алдағы үш жылда  шаһарда 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.