ИНВЕСТОРЛАР ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІНЕ КЕЛІП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ұсынған мәліметтерді саралай келе, осылай деуге болады. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 миллион АҚШ долларын құрап отыр екен.

Бұл  өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 миллион АҚШ долларына артқанын көрсетеді. Ал, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі  2,3 миллиард теңгені құрайды. Тек осы тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өскенін көрсетеді. Қала әкіміне есеп беру барысында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Жанбатыров осындай деректер келтірді.

Биылғы жылы қалада 30 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары  егіліп,  6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналып отыр. Жыл соңына дейін әлі 90,1 мың тонна өнім жиналатын болады.

Ал, мал шаруашылығында ірі қара мал саны 79,7 мың болса,  қой мен ешкі саны 71,8 мың, жылқы – 14,4 мың, құс 977,6 мың басты құрайды. Өткен алты айда қалада 5,3 мың тонна тауық еті, 27,1 мың тонна сүт, 69,1 миллион дана жұмыртқа өндірілген.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында  құны 11 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асуда. Олардың ішінде: қайта өңдеу өндірісі бойынша 3 жоба бар. 4 жоба өндірістік жылыжай кешені бойынша болса, 2 жоба аясында сақтау қоймасы салынып, іске қосылатын болады. 2 жобаның негізінде  тауарлы сүт фермасы құрылып, өндіріс қуаттана түседі. Құс шаруашылығы қанатын кеңейтіп тағы да 3 жоба жүзеге аспақшы. Аталған жобалар толық іске қосылғанда жаңадан 274 жұмыс орны ашылады. Нәтижеде, Шымқалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға,  жеміс-көкөністерді сақтау сыйымдылығы 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 миллион данаға артады.  Сүтті қайта өңдеу саласына жаңа жобалар қосылғандықтан сүт өнімдері – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды.  Жеміс/көкөністерді қайта өңдеу орындарының қуатының артуы 6 миллион банкаға дейін өнім консервілеуге жол ашады.

Мұндай жұмыстар мегаполистің азық-түлік қорын тұрақтандырып қана қоймайды, экспорт үлесінің арта түсуіне септігін тигізеді.

Жиын қорытындысында қала әкімі Мұрат Әйтенов азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылаудан шығармай, ет өнімдерін арттыруға бағытталған  шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды.