КЕЛЕС АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ 96 ПАЙЫЗЫ ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ АЛДЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданы тұрғындарының 96 пайызы коронавирсқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жайлы БАҚ өкілдерімен болған брифингте аймақ басшысы Ақментай Есбаев мәлімдеді. Жалпы ауданда 120 мың 773 адам тұратын болса, соның 65 мың 473-і вакцина алуы тиіс топқа кіреді.

Бүгінгі таңға дейін осы топтағы азаматтардың 62 мың 772-і арнайы вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Ал вакцинаның екінші компонентін 54 мың 308 азамат қабылдап, ағзаларында індетке қарсы иммунитет қалыптастырып үлгерді. Жалы бұл істе аудандағы медицина қызметкерлері асқан жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді.

Қазір Келес аудандық инфекциялық стационарда 14 науқас ем қабылдап жатыр. Оның екеуі коронавирусқа шалдыққан. Қалған 12-і пневмониямен сырқаттатып, ауруханаға түскендер. Карантиндік стационарда шекарадан өткен бақыланушылар жоқ.

Бүгінгі таңда аудандағы медициналық мекемелерде «Гам-КОВИД-Вак», «QazCovid», «Hayat-Vax» және «КоронаВак» арнайы препаратының жеткілікті қоры жасақталып отыр. Дәрілер аудан аумағындағы аурухана мен емханаларда, сондай-ақ шалғай ауыл аймақтың тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен арқылы салынуда. Жалпы 5 медициналық пункт вакцина салдыру үшін арнайы жабдықталған. Алдымен келушілер дене қызулары мен қан қысымдарын өлшетіп, сауалнама парағын толтырады. Дәрігер өкпесін тыңдап, тексереді. Вакцинациялау ісінде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін аудандағы мекеме, ұжым қызметкерлері белсенділік танытуда.

Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен.