КӨКЖАЙЛАУ “ІЛЕ АЛАТАУЫ” ҰЛТТЫҚ ПАРКІНЕ ҚАЙТАРЫЛАТЫН БОЛДЫ

  • Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
blog-single-image

Кеше, 7 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Алматы қаласы, Медеу ауданы, Көкжайлау шатқалындағы 1002,0 га жер учаскесі “Іле Алатауы” мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қайтарылды. Бұл жөнінде аталған ұлттық парктің фейсбуктегі парақшасы сүйінші сұрай бөлісіп отыр.
Көкжайлаудың тұмса табиғаты туризм үшін де қолайлы. Мәселен келушілер Медеу жағынан да, Алмаарасан шатқалы жағынан да оңай көтеріліп, табиғи ландшафты қызықтай алады. Көкжайлаудың басым бөлігін қылқан жапырақты шырша ормандарының бірегей экожүйелері мен ландшафттар алып жатыр. Көкжайлау ландшафтының эстетикалық құндылығы, әсіресе Құмбел жотасының төменгі бөлігінде жақсы сақталған. Көкжайлаудың қойнауында ҚР Қызыл кітабына енген Шренк шыршасы, Сиверс алмасы, Алатау өрігі, Пион, Виттрок рауғашы, Островский қызғалдағы сынды т.б өсімдіктер өседі. Сондай-ақ бұл мекен жануарлар әлеміне де бай. Сүтқоректілердің 57 түрі, құстардың 200 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 4, қосмекенділердің 3 және балықтардың 4 түрі кездеседі.
“Іле-Алатауы” ұлттық паркі парақшасының таратқан мәліметінше, 2014 жылы ұлттық паркке қарасты 1002,0 гектар жер учаскесі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатынан “Көкжайлау” курортының құрылысы мен жұмыс істеуі мақсатында Алматы қаласы Медеу ауданының босалқы жер санатына ауыстырылған болатын. Ал, 2021 жылы ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Бұйрығымен аталған аумақты “Іле Алатауы” паркіне қайтару мәселесін қарау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия мүшелері мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына қайтаруды заңды деп санады.
Көрнекі фотосурет ашық көздерден алынды.