МЕДИЦИНА САЛАСЫ ЖАС МАМАНДАРМЕН ТОЛЫҒУДА

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Биыл Түркістан облысының ауыл-аймағындағы медициналық мекемелерге дәрігер мамандығын игерген 78 жас маман жұмыс істуге келді. Бұл мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша туған жерді түлетуге бел буған жастар. Олар тұрақты жұмысқа орналасумен қатар, енді үстеме қайтарымы аз несиемен баспана алады және оларға қаржылай сыйақы төленеді.

7 жыл білім алып, балалар дәрігері мамандығын игерген Шыңғыс Сәдуақасов мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жастың бірі. Ол өзі туып өскен Келес ауданына оралды. Жас маманнан білікті кадрға аяқ басқан Шыңғыстың жұбайы да дәрігер. Отбасылық дәрігерлер қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыстарының қарқынды дамып келе жатқандарына қуанады. Себебі, науқасты емдеуге көмектесетін жаңа құрылғылар шалғай аймақтарға да жеткен. Тек алған білімімін тәжірибемен ұштастыра білсе жеткілікті. Шыңғыс пен Ақеркеге мемлекеттік сый ақы мен үй салу үшін жеңілдетілген несие де беріліпті.

– Жұмысқа орналасу кезінде бізде мүлде қиындық болған жоқ. Өйткені, дипломды алмай жатып бізге жан-жақтан, түрлі облыстан ұсыныс болды. Мен өзім осы жақтың тумасы болғандықтан өзіміздің ауылды таңдадым. Осы жақа келдім,– дейді Шыңғыс Сәдуақасов.

Келес ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Кәмила Тұржанова:

– Бүгінгі таңда дәрігер реаниматолог, жан сақтау бөлімінің дәрігерлері және гастроэнтеролог, нефролог секілді мамандарға зәрулік бар. Сондықтан, жас мамандарды әрдайым қуана қабылдаймыз. Ауылда тәжірибесі толысқан маман атануға мүмкіндік көп. Сондай-ақ, мұнда қызмет бабымен жоғырылау жеңіл. Мұндай қолдаулар білімді жастардың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз,– дейді.