НАРКОЗСЫЗ КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкентте  алғаш рет наркозсыз күрделі ота жасалды. Қалалық №2 ауруханаға түскен науқас сирек кездесетін дертке шалдыққан.  Медицина мекемесі базасында  жаңаша әдіспен жасалған операция кезінде хирургтар асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған. Бұл тәсілдің ерекшелігі наркозды қажет етпейді.

Ауруханаға 2022 жылдың 21 қыркүйек күні түскен науқас  1986 жылы туылған. Пациенттің ауруханаға түскен кездегі шағымы сүйек буындарының ауырсынуы, дене бітімінің кішірейуі, бойының шөгуі болған.  Бұған қоса  науқас бүйректің созылмалы шамасыздығы салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ  қабылдаған. Тексеру барысында науқаста кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталады да,  шұғыл түрде дәрігерлер консилиумі құрылып, пациенттің  өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер наркозсыз күрделі ота жасауға шешім қабылдайды. Науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалынып, операция сәтті аяқталады. Шұғыл және дұрыс  шешімнің нәтижесі, бүгінде науқастың ауырсынуы басылған.

– Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы, қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш мұнан да төмендейді. Сондықтан  да науқас дәрігерлердің қатаң бақылауына алынды. Әр аптада қан құрамына талдау жасалынып отыр. Бізге әрбір  науқастың өмірі қымбат.  Аман алып қалу үшін шұғыл дәрігерлер консилиумы шақырылды және дұрыс шешім қабылдады,-дейді , дәрігер/нефролог Мадияр Қыстаубаев.

Консилиум құрамында білікті дәрігерлер  №2 қалалық ауруханың бас дәрігерінің орынбасары  А. Жакибаев,  нефрология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ж. Рсалиева, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс нефрология бойынша бас маманы М. Қыстаубаев және нефрология бөлімшесінің дәрігерлері Р. Кенешбаева П. Мирзахановтар болған.

Тақырыпқа орай

Шымкент – еліміздегі стратегиялық маңызы бар үшінші қала, үшінші мегаполис.  Дені сау ұлт ұлттық бағдарламсының аясында бүгінде медицина саласында үлкен реформалар жүріп, материалдық-техникалық базаны жақсарту, мамандардың біліктілігін арттыру мен заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі оң шешіліп келеді.  Медициналық туризмді дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Medical Nomad Association Орталық Азиядағы денсаулық пен мәдениетті дамыту жөніндегі Швейцария қауымдастығының өкілдері арасында келісім бар.Келісім аясында қаладағы мемлекеттік медициналық ұйымдардағы дәрігерлер Еуропа елдерінде білімін жетілдіреді және медициналық туризмді дамыту бойынша жұмыс жүргізілетін болады.