ОЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕЛЕРІ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының тұрғыны  Айгерім Ережепованың жасы 32-де. Мамандығы – дизайнер. Ұл-қызы жас болғандықтан үйде отырып қалды. Десе де, тігіншілігін жалғастыра берді.

Айгерімнің жыл басында қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram парақшасынан сәуір айында мемлекеттік грантқа құжат қабылдаудың басталатындығы туралы хабарландыруға көзі түседі. Тез жиналып тұрғылықты мекенжайы бойынша көпбалалы санатымен тиісті құжаттарын өткізеді. Уақыты келгенде арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап шығып  грантқа ие болады.

Алған қаражатына заманауи үлгідегі цифрлы тігін машинасын, ноутбук және т.б. қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Осылай кәсібін кеңейтеді. Бүгінде тігіншіге тапсырыс берушілер көбейген. Сұраныстың көбеюіне instagram-дағы парақшамда сеп болып отыр  дейді ол.

– Адам алдына қойған мақсатына жету үшін еңбектенуі керек. Мақсаты айқын адам ғана қандай да бір жетістікке қол жеткізе алады. Қазіргі таңда көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға мемлекеттің қолдауы көп. Соның бірі – мемлекеттік грант. Бұл жұмыс істеймін деген кез-келген адамға қолжетімді. Жеке, шағын кәсібімді бастаймын деп жүргендерге зор мүмкіндік. Мен бүгінде сол мүмкіндіктің нәтижесін көріп, жемісін ала бастадым, – дейді Айгерім Ережепова.

Ал, тағы бір шымкенттік Азиз Бакибаев «ҚИМЫЛДАҒАН ҚЫР АСАР» деген ұстанымда. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат менің де мемлекетіміздің экономикасының өсуіне өз үлесім болуы керек деп есептейді. Азиз көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысады. Шеберхана ашуды көптен ойлап жүр едім. Бірақ, керек құрал-жабдықты сатып алуға  қаражаттан қысылдым.

– «Атамекен» палатасында  кәсіпкерліктің негіздерін оқып, сертификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау аса қиын болған жоқ. Өйткені, бұл менің сүйікті кәсібім болатын.  Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді, екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді шебер Азиз.

«Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Шымкентте 8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады.