ОҢТҮСТІК ӨҢІРДЕ ҚЫЗҒАЛДАҚ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ!

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында Оңтүстік өңірде қазғалдақ маусымы басталып кетті. Бұл жөнінде әлеуметтік желі белсенділері мен танымал фотограф, ботаниктер қуана бөліскен.

Бузе қызғалдағы (Tulipa Buhseana), Шымкент қаласы, Ақтас. Фото С.Дүйсебайұлынікі

Қызғалдақ десе, біздің көз алдымызға қауызы үлкен, жапырақтары теңбіл-теңбіл ірі Грейг қызғалдақтары елестей кететіні рас. Дегенмен, біздің даламызда қызғалдақтұқымдас өсімдіктердің қырыққа жуық түрлері табиғи түрде кездеседі. Сонша түрлердің алғашқылары қауыз жара бастаған. Мысалы, биылғы 7 наурыз күні Шымкент қаласының Ақтас шағынауданы орналасқан қыратта Бузе қызғалдағы (Tulipa Buhseana, тюльпан Бузе) қауыз жарғаны жайында Сейдалы Дүйсебайұлы бөлісті. Бұл 2013 жылғы ең алғашқы қызғалдақ болды.

Тікаяқты қызғалдақ (Tulipa Orthapoda), Кіші Қаратау. Фото М.Нүкісбековтікі

Көпшілікке «қызғалдақтанушы» ретінде танылған Мәлік Нүкісбеков болса 11 наурыз күні Кіші Қаратау жотасынан Тікаяқты қызғалдақ (Tulipa Orthapoda, тюльпан Прямоножковый) түрінің суретін бөлісті.

Жатаған қызғалдақ (Tulipa patens), Қожатоғай алқабы. Фото Ғ.Назарбектікі

Табиғат жанашыры Ғани Назарбек те Арыс қаласына қарасты Қожатоғай алқабында көзге көрінген Жатаған қызғалдақ (Túlipa pátens, тюльпан Поникающий) түрін жариялады.

Тікаяқты қызғалдақтың (Tulipa Orthapoda), Күйік асуы. Фото Е.Белоусовтікі

Әлеуметтік желіде кәсіби фотографтар қатарында таныс Евгений Белоусовтың да парақшасынан Күйік асуынан түсірген Тікаяқты қызғалдақтың (Tulipa Orthapoda, тюльпан Прямоножковый) суреттері талайды таңдандырып жатыр.

Корольков қызғалдағы (Tulipa Korolkowii), Ордабасы жотасы

Ал, «Ордабасы» қорық-музейінің қызметкері Жұмабек Ташбаевтың бізге берген фотосуреттерінде Корольков қызғалдағының (Tulipa Korolkowii, тюльпан Королькова) қауызы бүгін-ертеңдері ашылып қалатындай болып тұр екен.

 

Ендеше, Қызғалдақ отаны – Ұлы дада елінде қызғалдақ маусымы жаппай басталды дей берсек те болады.

 

OPENKAZAKHSTAN.KZ