ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

25 қазан – Республика күніне орай, Шымкент қаласында  «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форум өтті.   Тағылымды шараға ҚР Қарулы күштерінің ардагері Серікбай Онбаев, Егемендік декларациясының қабылдауына куә болған қоғам қайраткері, Қазақ ССР-інің 1990-1993 жылдар аралығындағы Халық депутаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов және ішкі саясат және жастар істері басқарманың басшысы Мұратхан Шотанов  қатысты.

  – Тәуелсіздік туралы Конститутциялық заңды  қарапайым халық, әсіресе қазақ халқы зор қуанышпен, асқақ араманы орындалған  тарихи сәт ретінде  қабылдады. Оны ғасырлар бойы армандаған бостандық пен тәуелсіздіктің алғашқы символына балады. Қоғамды үлкен серпіліс тудырды. Халық Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін елімізде экономикалық жағдай нашарлап, еңбекақы, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер болмай қалған кезде де төзімділік танытты. Отанымыздың болашағына сеніммен қарады. Ең бірінші, еліміз Тәуелсіздік алып,  еркіндікті сезіндік. Екінші,  адамның мінез-құлқы өзгерді. Үшінші, меншік иесіне деген көзқарас өзге қалыпқа ауысты. Төртінші сана жаңғырды. Және соңғысы білім алу,  денсаулыққа күтім жасау өзге бағытта дами бастады,-деді форумда сөз алған иманәлі Байдәулетов.

Форум барысында сондай-ақ «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Мауленов, мәдениет қайраткері Арман Алиев, қол арбамен жүгіруден бірнеше дүркін ел, әлем чемпионы, би спортынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ермек Қалымбетов Тәуелсіздік тартулары мен жетістіктері туралы айтты.

Форум барысында Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай рәміздерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ерекше атап өтер жәйт, биылғы байқауда мектептер, мұғалімдер, оқушылар ерекше белсенділік танытты. Осыны ескере отырып,  форумда отбасылық тәрбиеге көбірек назар аударды.  «Сеніммен болашақ» ата-аналар қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен арнайы «Жігерлі жан»,  «Өнегелі әке», «Парасатты әже» номинациялары тағайындалды. «Жігерлі жан» номинациясына өнеріне әлемді қаратқан, ең бастысы қайратты отағасы, сабырлы әке Ермек Қалымбетов лайық деп танылды. Ал, «Парасатты әже» номинациясына 2019 жылдан бері осы іс-шараға белсеніп ат салысып жүрген, өзінің немерелерін ғана емес, ауылдың балаларын кітап оқуға, туды құрметтеуге жетектеп тәрбиелеп жүрген Баян Рымбекова  лайық деп танылды.